Фото: Baq.kz
Биылғы жылдың басты спорттық шарасы – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары. Бұл дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында әлемнің 205 елінен келген 10 мыңнан астам спортшының қатысуымен өтеді. Төрт жылдықтың жарысында спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда жерлестерімізде спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс) 17 лицензия бар. Алда 90-ға жуық лицензиялық жарыс күтіп тұр. Сондықтан жолдамалар санын әлі де көбейту көзделген.
Еліміз үшін жылдың маңызды тарихи оқиғасы – елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу. Осы жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Қазақстанға әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар келеді деп жоспарланып отыр. Ойындардың бірегейлігі – спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламалардың ұштасуында. Бағдарламаға 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрі кіріп, 110 медаль жиынтығы жүлдегерлер еншісіне бұйырады. Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құстармен аң аулаудың түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді. Қазіргі уақытта ұлттық құрама даярлықты бастады, командалар құрамы жасақталып, оқу-жаттығу шаралары өткізіліп жатыр.
Биыл Астанада әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы Ташкентте (Өзбекстан) өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми отырысында хабарланды. IBA Федерациясы президентінің айтуынша, турнирдің жалпы жүлде қоры 4,8 миллион АҚШ долларын құрайды. Әлем чемпионы атанған боксшы 200 000 АҚШ долларын алады.
Сондай-ақ 2024 жылдың қараша айында Астана қаласында самбодан әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Өткен жылы күзде Ереванда өткен самбодан 48-ші әлем чемпионатына 65 ел қатысып, жалпы есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 5 қола иеленіп үшінші орынға табан тіреді.