Оңтүстік Еуропаның құйқалы аумағында орын тепкен таулы Италияның халқы бұл күндері рождестволық қысқы демалыста жүр. Еуропа жұртына тән мәдени, рухани іс-шаралар бұл күндері жиілей түседі. Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының симфониялық оркестрі елдер арасындағы мәдени байланыс аясында әрі халықаралық музыкалық тәжірибе алмасу мақсатында желтоқсанның соңғы онкүндігінде сапарын бастап кеткен. Шығармашылық гастроль бұл жолы аталған мемлекеттің шағын қалаларында, атап айтқанда, Капуа, Сорренто, Беневенто, Террачина, Перуджа, Тоди, Агеролла қалаларында жалғасып жатыр. Бұл жолы деп отырғанымыз, оркестрдің мұндай кештері бұған дейін де сән-салтанаты жалғасқан елде ұйымдастырылған. 2017 жылы павлодарлық ұжым Рим, Милан, Салерно және Аппенин түбегіндегі өзге де қалаларда сәтті өнер көрсетіп қайтқан.
– Халықаралық сапарымыз үлкен жобаның бірі болып отыр. Жерорта теңізі жағалауында орын тепкен жеті қаланы аралап, концерт қою туралы ұсынысты өткен маусымда Италиядағы мәдениет пен музыка саласын дамытушы ұйымның президенті, профессор Леонардо Квадрини жасаған еді. Кәсіби тұрғыдан бұл біздің музыканттар үшін аса пайдалы. Бұл жерде симфонияның рухы ерекше сезіледі. Жергілікті және Албания елінің музыканттарымен бір оркестр құрамында өнер көрсетудеміз. Жергілікті көрермен арасында жастардың жиі бой көрсететіні қуантты. Италиялықтар өздерінің және неміс классикалық музыкасын айрықша ұнатады. Біздің оркестр И.Штраус, И.Брамс, Ж.Бизе, К.Сен-Санс, Россини, Дж.Мартучидің туындыларымен қоса, Е.Рахмадиевтің «Дайрабайын» әр концертте орындап жүр. Шығармашылық турымызды ұйымдастыруға мүмкіндік тудырған Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа ризашылығымыз шексіз, – дейді Иса Байзақов атындағы өңірлік филармонияның басшысы, Мәдениет үздігі Амангелді Қожанов.
Филармония басшысы Жерорта теңізі жағалауындағы шаһарларда ауа райы жылы, күндіз 17 градусқа дейін көтерілетінін айтады. «Теңізден соққан самал ерекше. Өкінішке қарай, сапар кестесінің тығыздығына байланысты қалаларды аралап көруге мүмкіндігіміз жоқ. Италиялықтар өте қызуқанды, шулы, дауыстап сөйлейтін халық екен. Өнерімізді ықыласпен қабылдап жатқандары байқалады. Кейде күніне 2 концерт беруге тура келеді», деп атап өтті ол.
Симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Рахымжановтың сөзінше, жоспарланған 12 концерттің 8-і бүгінде ұйымдастырылған. Қалғаны 7 қаңтарға дейін жалғасады.
Павлодар облысы