Қоғам • 04 Қаңтар, 2024

300 отбасына – жаңа пәтер

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының ор­талығы Құлсары қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен салынған жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жаңа бас­панадан моноқалада тұ­ратын 300 отбасына пә­тер берілді.

300 отбасына – жаңа пәтер

Жаңа тұрғын үйлер «Атырау» шағын ауданында бой көтерген. Алайда облыс әкімі Серік Шәп­ке­новтің айтуынша, оның құ­рылысы біразға созылған.

«Бұл тұрғын үй кешені құры­лысының сапасы мен мерзіміне қатысты мәселе көп болуына байланысты жағдаймен жеке танысуды жөн көрдім. Жылыой ауданына келген сапарымның бірінде тұрғындар құрылыстың ұзаққа созылғанына ренішін білдірген еді. Содан кейін құрылысты тезі­рек аяқтау үшін тиісті іс-шара­лар қолға алынды. Қазір ойын алаң­дары, жаяу жүргіншілер және кө­лік, тұрақ секілді инфрақұрылым желісі толығымен дайындалды», деді Серік Шәпкенов.

Әкімнің пікірінше, енді пә­тер ие­лері кооперативін құру, тұр­­ғындарға құқықтық көмек көрсету қажет. Бейнебақылау ка­ме­раларының саны көбейтіледі.

Тұрғын үйден пәтер алғандар қатарында көпбалалы ана Құралай Қо­разова да бар. Ол үш бөлмелі пә­тердің кілтін алуды бес жыл күт­кен.

«Он жылдан бері үй жалдай­мын. Бес жыл бұрын кезекке тұрған едім. Енді міне, жаңа пәтерге ие болдым. Мұнда барлық қажетті жағдайдың жасалғанына қуанып тұрмын», дейді Құралай Қоразова.

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәлі­метіне сүйенсек, тұрғын үй ке­ше­нінің жалпы аумағы – шамамен 6,5 мың шаршы метр. Әр үйде – 100, оның ішінде бір бөлмелі – 25, екі бөлмелі – 50 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер бар.

«Екі, үш бөлмелі пәтерлер 225 көпбалалы отбасына, бір бөл­­мелі пәтерлер ата-анасының қам­­қорлығынсыз қалған 15 балаға берілді. Жаңа үйлерден бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәр­биелеп отырған отбасылар, зей­неткерлер, созылмалы аурулары бар тұрғындар, толық емес отбасы санатының әрқайсысына 13 пәтерден бөлінді. Ал жауынгерлік ұрыс іс-қимылына қатысқан үш ардагер де жаңа баспанаға ие болды», деді Жұмабек Қаражанов.

 

Атырау облысы