Жаңа тұрғын үйлер «Атырау» шағын ауданында бой көтерген. Алайда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, оның құрылысы біразға созылған.
«Бұл тұрғын үй кешені құрылысының сапасы мен мерзіміне қатысты мәселе көп болуына байланысты жағдаймен жеке танысуды жөн көрдім. Жылыой ауданына келген сапарымның бірінде тұрғындар құрылыстың ұзаққа созылғанына ренішін білдірген еді. Содан кейін құрылысты тезірек аяқтау үшін тиісті іс-шаралар қолға алынды. Қазір ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер және көлік, тұрақ секілді инфрақұрылым желісі толығымен дайындалды», деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің пікірінше, енді пәтер иелері кооперативін құру, тұрғындарға құқықтық көмек көрсету қажет. Бейнебақылау камераларының саны көбейтіледі.
Тұрғын үйден пәтер алғандар қатарында көпбалалы ана Құралай Қоразова да бар. Ол үш бөлмелі пәтердің кілтін алуды бес жыл күткен.
«Он жылдан бері үй жалдаймын. Бес жыл бұрын кезекке тұрған едім. Енді міне, жаңа пәтерге ие болдым. Мұнда барлық қажетті жағдайдың жасалғанына қуанып тұрмын», дейді Құралай Қоразова.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың мәліметіне сүйенсек, тұрғын үй кешенінің жалпы аумағы – шамамен 6,5 мың шаршы метр. Әр үйде – 100, оның ішінде бір бөлмелі – 25, екі бөлмелі – 50 пәтер және үш бөлмелі 25 пәтер бар.
«Екі, үш бөлмелі пәтерлер 225 көпбалалы отбасына, бір бөлмелі пәтерлер ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 балаға берілді. Жаңа үйлерден бірінші және екінші топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, созылмалы аурулары бар тұрғындар, толық емес отбасы санатының әрқайсысына 13 пәтерден бөлінді. Ал жауынгерлік ұрыс іс-қимылына қатысқан үш ардагер де жаңа баспанаға ие болды», деді Жұмабек Қаражанов.
Атырау облысы