Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 4 қаңтар күні сағат 01.25 шамасында «Майқайыңалтын» АҚ аумағында, алтын кеніші шахтасының жанындағы тазарту кеңістігінде орын алған. «Кеніш аумағындағы жерасты шахтасының топырақ қабаты опырылып түсіп, пайда болған ойыққа жүріп бара жатқан автобус құлаған. Апат кезінде автобуста 4 адам болған. Олар – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен көлік жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ. Шахта үстінде пайда болған ойықтың алдын ала ұзындығы 150-200 метр, ені жарты шақырым, тереңдігі 150 метр. Оқиға орнында жедел штаб ұйымдастырылды. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы оқиға орнында жүр. Психологтер жұмыс жүргізіліп жатыр. Авариялық-құтқару жұмыстарына «Майқайыңалтын» АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары, сондай-ақ ТЖ департаментінің құтқарушылары тартылған. Барлығы 73 адам, 17 техника мен бір ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон) жұмылдырылды» делінген ресми хабарламада.
Куәгерлердің айтуынша, 3 қаңтар күні алтын шахтасында жаппай кен жыныстарын жару жұмыстары жүргізілген. Ал түн ортасына таман алтын кенішіндегі кезекші шахта ішіндегі әлдебір шуды құлағы шалып, құтқарушыларға, яғни кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының өкілдеріне хабарлаған. Шақырту келіп түскен бойда қызметтік автобусқа 3 құтқарушы келіп мінеді. Кеніштің жер астындағы шахталары «воронка» әдісімен ойылып, бірінің үстінен бірі салынып отырады. Әлгі жаппай жару жұмыстарының салдары болды ма екен, сол күні түнде шахта үстіндегі топырақ қабаттары төмен құлап, жер үстінде үлкен ойық пайда болған. Алайда кеніш қызметкерлері оны қараңғыда байқамай қалған тәрізді. Кенішке апаратын жол сол аумақты басып өтеді. Шақыртуға бет алған автобус кенеттен пайда болған ойыққа тап болып, төмен құлаған.
Кеше түстен кейін кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы топырақ астынан 2 құтқарушының мүрдесі қазып алынғанын хабарлады.
Оқиға орнында жүрген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кешкісін хабарлағандай, автобус ішінде болған құтқарушыларды іздеу жұмыстары қиынға соққан. Ойық шетіндегі топырақ пен тастар қайта-қайта үгіліп, құтқарушыларға кедергі келтірді.
– Құтқару жұмыстарымен шұғылданып жүрген азаматтардың өміріне қауіп төнбес үшін ойықтың айналасы бекітілді. Құтқарушылар қиранды астынан 2 азаматтың мәйітін алып шықты. Олар – Сарқыт Бердіқан (1999 жылғы) және Тышкевич Олег Леонидович (1970 жылғы). Өзге екі құтқарушыны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Автобус табылған жоқ, – деп хабарлады өңір басшысы.
Оқиғаның себеп-салдарын Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағалық етуімен құрылған арнайы комиссия анықтау үстінде.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті