Оқиға • 04 Қаңтар, 2024

Жарылыстан үш адам қаза тапты

104 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында екі қабатты дәмханада жарылыс болып, төбесі мен бір қабырғасы құлап түсті. Арнайы құтқару қызметі 6 адамды құтқарып, оның бесеуі ауруханаға жат­қызылды. Үйінді астынан үш адамның денесі табылған.

Жарылыстан үш адам қаза тапты

4 қаңтарға қараған түні 02:07 сағат шамасында Орал қаласы, Сырым Датұлы көшесінде ор­наласқан дәмханада газ жа­рылғаны туралы хабарланды.

Оқиға орнына құтқару қыз­меті жедел жетіп, зардап шек­кендерге көмекке ұмтыл­ды. Батыс Қазақстан облысы Тө­тен­ше жағдайлар департа­менті, полиция, жергілікті ат­қа­­рушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері, барлығы 190 адам және 50 техника жұмылды. Сағат 02:40-та өрт сөндірілді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келіп, оқиғаның барысымен танысты. Қазіргі уақытта жер­гілікті атқарушы органдар мен төтеншеліктер істің мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетейік, жарылыс бол­­ған «Rizyq» дәмханасы екі қабатты, жоғарғы қабаты те­­мірбетон конструкциядан жа­салған. «Жарылыс болғанда кафенің оңтүстік қабырғасы мен төбесі құлап түсті. 25 шар­шы метр аумақта өрт болған, құт­қа­­рушылар осы жерден екі адам­ның отқа күйген мәйітін тауып шығарды. 6 адам «Жедел жәрдем» қызметіне тапсырылып, оның бесеуі ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан 50 литрлік газ балонын біздің қызметкерлер қауіпсіз жерге шығарды», деп хабарлады БҚО ТЖ департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.

Оқиға болған дәмхананың дәл іргесіндегі 5 қабатты тұр­ғын үйдің терезе әйнектері сынған. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қоғаммен байланыс депар­таменті «жарылысқа газ баллоны себеп болуы мүмкін» деген алдын ала болжам айтып отыр.

Қазір жарылыс салдарынан зардап шеккендерге тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жарақат алған 5 адам Оралдағы көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылған. «2 ер адам және 2 әйел адам жансақтау бөлімінде. Бір ер адам травматология бөлімінде», деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ер­лан Тоқсановтың айтуынша, жан­сақтау бөлімінде жатқан екі ер адам – Өзбекстан азаматы, екі қыз бала – өз елімізден. Олар жабық бас-ми жарақатын және 15-52 пайыз күйік жарақатын алған. «Олардың жағдайы өте ауыр», деді Ерлан Виленұлы. Бір адам беті мен мойын тұсы күйіп, аурухананың жарақат бөліміне жатқызылған. Тағы бір азамат дәрігердің тексеруінен кейін амбулаториялық ем алу үшін үйіне жіберілді.

Түстен кейін құтқарушылар жарылыс болған ғимараттың орнын тазалау кезінде үйінді астынан тағы бір адамның денесін алып шықты. Марқұмдардың кім екендігін анықтау үшін мәйіттер сот-медициналық са­рап­тау орталығына жіберілді. Апаттық-құтқару жұмысы со­ңына дейін жүргізіледі. Оқиға орнына иісшіл иттер де әкелін­ген. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына дәрігерлік, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Батыс Қазақстан облысының әкімі мәселені бақылауда ұстап отыр. Облыстық Төтенше жағ­дай департаментіне және Ден­саулық сақтау басқармасына тиісті тапсырма берілген.

 

Батыс Қазақстан облысы