Өнер • 04 Қаңтар, 2024

«Астана Опера» және Вивальди, Пьяццолла...

76 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкашысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен театрдың Камералық оркестрі елорда қонақтары мен тұрғындарына тамаша тарту жасады. Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айдар Әбжахановтың жетекшілігімен орындалған италиялық барокко мен аргентиналық танго туындылары жұртшылықты жылы әсерге бөледі.

«Астана Опера» және Вивальди, Пьяццолла...

Дарынды дирижер Айдар Әбжаханов әлемнің жетекші театрларында бірнеше мәрте өнер көрсетіп, аты аңызға ай­налған италиялық La Scala театрында тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ ол Savaria Symphony оркестрімен бірге Bartok фестиваліне (Сомбатхей, Венгрия), Аустрия астанасы Венадағы Vidin Philarmonic Orchestra базасында Золтан Пеш­коның, Сальвадор Мас Кон­денің шеберлік сабағына қа­тысып, қоюшы дирижер ре­тінде бір­қатар балет спектаклінің жо­ғары деңгейде өтуіне үлесін қосқан.

Классикалық саз әуелеген кеште көрермендер талантты дирижердің жетекшілігімен орындалған XVII ғасырдың ве­нециялық рухы Антонио Ви­вальдидің музыкасымен қанат­танып, Астор Пьяццолла жасаған Буэнос-Айрестің ғажайып әле­міне сапар шеккендей болды.

Керемет кештің алғашқы бөлімінде театр музыканттары А.Вивальдидің «Жыл мез­гіл­дері» атты концерттер топтамасын ұсынды. Мұнда шуақ­ты көктемнен бастап, қы­тымыр қыс мезгіліне дейінгі әрбір композиция тыңдарманға музыка арқылы әр маусымның өзіне тән ерекшелігін ашып берді. Бұл топтама түрлі музыкалық аспаптардың әрлеуімен поп және рок музыкада, кинода кеңінен қолданылады.

Екінші бөлімде Астор Пьяц­цолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» шырқалды. Ар­гентиналық композитордың тангоның сыры тұнған музыкасы италиялық барокко мен латын америкалық сарындардың арасындағы «алтын көпір» се­кілді. Мұндағы құштарлық пен ырғақты сөзбен жеткізу қиын. Ко­мпозитор осы шығармасын кейде бірге, кейде жеке орын­даған деп айтады.

Сондай-ақ Камералық музыка кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов сиқырлы скрипка үнімен орындаған тамаша туындылары тыңдарманды тәнті етті.