Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша, ішкі тауар айналымы 21,1 пайызға өсіп, 53,6 трлн теңгені құрады. Ал сыртқы сауда айналымы 114,1 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты.
Бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда заманауи сауда форматтарының үлесі 31 пайызды құрайды. 460 универсалды базардың (елімізде барлығы – 722) 195-ін заман талабына сай өзгерту қажет болған, олардың 121-і жаңартылды.
Министрлік Президенттің әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі тапсырмасын орындай бастады. Оның орнына атаулы әлеуметтік көмек алатын топтарға қолдау басқаша көрсетілетін болады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы шеңберінде атаулы тауарлық таргеттеу және отандық тауар өндірушілер үшін міндеттемелер қою есебінен арзандатылған әлеуметтік тауарлар сатып алу мүмкіндігі беріледі.
Тұтынушылар құқығын қорғау да – маңызды міндет. Былтыр депутаттармен бірлесіп «Тұтынушылардың құқұғын қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленді, ол қазір Мәжілістің қарауында. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісі» және «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісін қолдану тәртібі» атты екі ұлттық стандарт қолданысқа енгізілді.
«Қауымдастықтармен бірлесіп «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасын іске қосып жатырмыз. Бұл қоғамдық бақылаудың жаңа түрі болады. Басты мақсаты – тұтынушының тек сапалы және қауіпсіз өнімді алуы. Министрлік жанынан бақылаушы мемлекеттік органдардың қатысуымен ахуалдық штаб құрылды. Бірлескен алгоритм бойынша импорттық сүт өнімдерінің сынамалары бірнеше рет іріктеліп алынды, бұзушылықтар анықталды. 8 кәсіпорын бойынша күшейтілген зертханалық бақылау енгізілді, сондай-ақ әкелуге шектеу енгізілді. Импортталған сүттің сәйкестігін бағалау туралы 67 құжаттың күші жойылды. Аумақтарда аймақтық штабтар жұмыс істейді», дейді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Соңғы бірер жыл көлемінде сауда-экономикалық интеграция да белсенді дами түсті. Қазақстанның серіктестермен өзара саудасы ЕАЭО жұмыс істеген уақыт ішінде 73,6 пайызға немесе 112 млрд долларға өскен. 2023 жылдың 9 айында Қазақстан мен ЕАЭО елдері арасындағы өзара сауда 20,6 млрд долларды құрады. Осы кезеңде ЕАЭО елдеріне экспорт 11,4 пайызға өсіп, 7,8 млрд долларды, ал өңделген өнімнің экспорты 6,4 млрд-ты (5 5,4 млрд-тан 6 6,4 млрд-қа дейін) құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5 пайызға ұлғайған.
Ал сыртқы сауда былтыр тоғыз айда 102 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (99,6 млрд доллар) 2,4 пайызға жоғары.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің отырысы шеңберінде Иранмен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Осындай келісімге Сингапурмен де қол қойылды, ол күшіне ену үшін мемлекетішілік рәсімдерден өтеді. Мысыр, Индонезия және БАӘ-мен еркін сауда аймағын құру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы еркін сауда аймағы туралы келісімдер қазірдің өзінде өз әсерін көрсетті. Мәселен, Вьетнаммен тауар айналымы 7 жылда 2,5 есе (5 525,7 млн-ға дейін), Иранмен уақытша келісім арқасында 3 жыл ішінде – 38 пайызға, Сербиямен келісім қолданылған жылы 3,2 есе өсті.
Шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Үкімет 2025 жылға қарай тауарлар мен қызметтердің ресурстық емес экспортын 41 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша мақсатты индикатор қойды. «KazakhExport» ЭСК АҚ-мен бірлесіп экспорттық несие агенттігін құруды көздейтін заң жобасы әзірленді (17 қарашадан бастап ол Сенат қарауында).
Қытаймен өзара тауар айналымын 40 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. ҚХР-мен жұмыс істеудің негізгі бағыты аймақтандыру қағидаты бойынша әр провинциядан атаулы жұмыс болады, қазір Хубэй, Сычуань провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы жобалар пысықталып жатыр. Өзара іс-қимыл Орталық Азия елдерімен де жалғасады. Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық шеңбері айқындалды. Бұл жаңа өндірістерді ашуға, қайта өңдеуді жолға қоюға, тауарларды тасымалдау үшін логистикалық қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының порттарына шығу мақсатында сауда-экономикалық бағыттарды әртараптандыру жоспарлары іске асырылады. Азық-түлік және органикалық өнімдер үшін Еуропалық одақ нарығы маңызды бағыт болып қала береді.
2027 жылға дейін қол жеткізуді жоспарлап отырған бірқатар стратегиялық міндеттер тұр. Олар:
- Қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін 31 пайыздан 56 пайызға дейін арттыру;
- Электрондық сауда үлесін 13,4 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру;
- Биржалық сауда үлесінің 2023 жылғы көрсеткіштен 20 пайызға өсуі;
- Ұлттық стандарттарды қолдануды 61 пайызға дейін жеткізу;
- Тұтынушылардың өз құқықтарын қорғауға қанағаттану деңгейін 77,1%-ға дейін ұлғайту;
- Шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортының көлемін 46,5 млрд долларға жеткізу;
- Белсенді экспорттаушылар санын 760-тан 1250-ге дейін арттыру.