Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары Ә.Бектаев, М.Қадырбек және А.Сатыбалдиевпен кездесуде жұмысшылар цифрлық технология нәтижесінде басқа зауыттармен салыстырғанда еңбек өнімділігі 30 пайызға жоғары екенін айтты. Сондай-ақ кездесу барысында өндіріс орнындағы еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы сөз болды. Сенаторлар «Жастар орталығы» КММ ғимаратында аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан көлемінде шешімін таппай жатқан түрлі әлеуметтік-экономикалық мәселе көтерілді. Өз кезегінде сенаторлар тұрғындар көтерген мәселелердің шешімін табуына атсалысатындарын жеткізді.
Ал Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Мақтаарал ауданында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген азаматтар мектептерді жылыту, ПУИД-2 бағдарламасының құрылысы, тоғай алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару, дренаждарды іске қосу, учаскелік жер телімі, медициналық нысандардың ахуалы, әлеуметтік сала, ауыз су бойынша мәселелер көтеріп, сұрақтар қойды. Өз кезегінде халық қалаулысы қойылған сұрақтар бойынша тиісті сала басшыларының жауабын қарады. Жергілікті жерде шешілетін мәселелерді дереу қолға алуды тапсырып, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді Парламент төрінде көтеретінін жеткізді.
Сондай-ақ Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған депутат «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде өткен қабылдауға келушілер мәжілісменге апатты жағдайдағы көппәтерлі үйлердің орнына жаңа үй салу және мектептердің күрделі жөндеуі, медициналық пункт салу, газдандыру және материалдық көмек көрсету секілді мәселелерді көтеріп, құқықтық кеңестер алды. Мәселелері бойынша жазбаша өтініштерін берді. Ал Жетісай қалалық емханасының қызметкерлерімен кездесуде медицина саласының мамандары жұмыс тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар мәселені заңнамалық деңгейге шығаруды, тариф белгілеу әдістемесі мен сақтандырылушының мәртебесін қайта қарауды, ауылдағы медицина кадрларының тапшылығын төмендетуді, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қолға алуды сұрады.
Түркістан облысы