Пікір • 05 Қаңтар, 2024

Жауапкершіліктің жүгі ауыр

240 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жыл Мемлекет басшысының еліміздің бас газетіне берген бағдарламалық сұхбатымен басталды. Ауқымды сұхбат биліктің барлық тармақтарына үлкен жауапкершілік пен жалпы қоғамға айтарлықтай ой салады.

Жауапкершіліктің жүгі ауыр

Ел Президенті жұрт аузында жүрген әңгімелерге ашық пікірін білдіріп, бірқатар мәселелер туралы ойын ашық жеткізген. Соның ішінде Қаңтар оқиғасы, қос билік және ескі жүйе турасындағы көп қауе­сеттерге нүкте қояды. Мем­ле­кет басшысы көп сөзден ары­лып, ел болып, бүгініміз бен ер­теңі­мізге білек түре жұмыс іс­тей­тін уақыт жеткенін шегелеп айтқан.

Ұлу жылында Қазақстанның халықаралық деңгейдегі үлкен шараларға ұйытқы болуы да аса маңызды. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ екенін айтты. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дә­ріптеу жағынан да, Ұлы дала­да­ғы көшпелілер өрке­ниеті­нің мұ­ра­гері саналатын бауыр­лас ха­лық­тардың мәдени-гумани­тар­лық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.

Әлемдік деңгейдегі саясаттанушылар мен сарапшылар ХХІ ғасыр – «Азия ғасыры» дегенді жиі айтып жүр. Олардың айтуын­ша, Азияның болашағы әлем­нің болашағына әсер етеді. Іргеміздегі Қытайдағы техно­логиялық-өндірістік үдеріс оған дәлел. Азия мен Еуропаны жал­ғаған біздер үшін де бұл зор мүм­кіндік екенін Президент баса айтып отыр: «Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ. Бүгінде бұл өңір сауда, инвестиция, бизнес, инновация үшін жаңа мүмкіндіктер орны болып отыр. Сол себепті әлем елдері Орталық Азияға айрықша назар аударуда. «С5+» үлгісі маңызды диалог алаңына айналды».

Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты әрі өзара сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалогтер болмаса, аймақтағы мемле­кет­­тердің басқа да ықпалды елдермен қарым-қатынасын қарқынды да­мытуы неғайбыл. Соңғы жыл­дары бұл бағытта біршама ілгері­леу бар. Әсіресе, Орталық Азия мем­ле­кеттері басшыларының жыл са­йынғы консультативтік кездесулері нәтижелі өтіп келеді. Қазақстан төраға ретінде биыл да осындай үлгідегі кездесу ұйымдастырады. 

Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биыл­ғы маусым айында өтетін алқа­лы жиынға әлемнің көптеген көш­басшысы мен жаһандық дең­гейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында кли­маттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады. Бүгінде әлем бұрын-соңды бол­маған қиындықтарға тап болып отыр. Дегенмен, кез келген жүйе­лік дағдарыс қауіптердің кең ауқы­мын тудырумен қатар, өзімен бір­ге жаңа бірегей мүмкіндіктерді де алып жүреді. Сондықтан бізге сол мүмкіндіктерді жіберіп алмау жолында күш біріктіріп, бірлесе жұмыс істеу маңызды.

Былтыр Түркістандағы Ұлт­тық құрылтайда Қ.Тоқаев еліміз­дің тағы бір айрықша белгісі – көшпелілер өркениетінің мұра­сына тоқталған болатын. «Бұл біздің халқымыздың бүкіл әлемге танымал басты брендтерінің бірі. Менің бастамам бойынша V Дү­ниежүзілік көшпелілер ойын­дары 2024 жылы Қазақстанда өтеді. Бұл шара ұлттық спорт түр­лерін дамытуға ықпал етеді. Біз бұл халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге тиіс­піз», деген еді Мемлекет бас­шысы. Бүгінгі сұхбатында да осы маңызды шараға ерекше мән беріп отыр. Шынымен де көш­пелілер мәдениетінде біз­дің еліміз – ұлттық кодымызға органи­калық түрде тоқылған түрлі мә­дениеттердің тоғысқан орта­­лы­ғы және тоғысқан жері. Қазақ­стан астанасына барлығы 100 елден 4 мыңға жуық қатысу­шы ке­лмек. Айтулы ша­ра­лар 20 жарыс және 10 көр­не­кі спорт түрі бойынша өтеді. Олар­дың қатарында ат жа­рысы, ұлт­тық күрес түрлері, дәс­түрлі интел­лек­туал­дық ойындар, жек­пе-жектен жарыс­тар, дәстүрлі са­дақ ату, құс аулаудың ұлттық түр­лері, ат жарысы, халық ойын­да­ры, сондай-ақ этностық спо­рт түр­лерінен көрсетілім қойы­лым­дары бар. Тартысты спорт түрлерінен 110 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Мұның өзі – мемлекетіміздің мерейін өсіріп, ұлттық кодымызды көрсетуде үлкен мүмкіндік.

 

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Сенат депутаты