Никлаус Вирт 1934 жылы 15 ақпанда Швейцарияда дүниеге келген. IT атасының бағдарламалау тілі айқындық, қарапайымдылық және тиімділігімен ерекше. Вирт бағдарламалау тілдері нақты бекітілген ережелер жиынтығына айналуы керек деп есептеген. Сол мақсатына жету үшін 1968 жылы үлкен топ жасақтап, атақты физиктің құрметіне қойылған «Паскаль» тіл жобасын дайындады. Біршама еңбектен кейін әртүрлі платформаларға өтуге мүмкіндік беретін аралық p-коды бар Паскаль машинасы цифрлық әлемге аяқ басты. Солай 1970 жылы Никлаус Вирт Паскаль бағдарламалау тілін құрды. Оның негізінде Object Pascal және Delphi дүниеге келді. Ғалым бұл туралы «Мен өмір бойы барынша күшті, бірақ сонымен қатар мүмкіндігінше қарапайым тілді дамытуды мақсат еттім» деген еді. Қазіргі кезде барлық дербес компьютерлер осы тілде жұмыс атқарады. Паскаль тілінде жазылған бағдарламаның дұрыстығы компьютерде жеңіл тексеріледі және жіберілген қате тез түзетіледі. Бұл бағдарламалау тілінің басты мақсаты – студенттерге кәсіби бағдарламалауды үйрету. Дегенмен күрделі практикалық мәселелерді шешуге де жарамды болды. 1990 жылдары ол ең көп таралған алгоритмдік тілдердің біріне айналды. Әлемді тез жаулаған коммерциялық алғашқы бағдарламалау тілі болып тарихта қалды.
Вирт – сондай-ақ Euler, PL 360, ALGOL w, Modula және Oberon тілдерінің де авторы. Ол компьютерге қатысты небір әзірлемелерді дайындайтын «Xerox PARC» зертханасында да жұмыс істеген. 1984 жылы информатика бойынша әлемдегі ең беделді сыйлық «Тьюринг» сыйлығының лауреаты болды. Стэнфорд университетінде, Цюрих университетінде, ETHZ-де қаншама жыл бойы адал жұмыс істеді. Никлаус Вирт әлемнің бірнеше елінің құрметті докторы.