Аймақтар • 08 Қаңтар, 2024

Алтын кенішіндегі апат: Автобус әлі табылған жоқ

135 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Майқайыңның алтын шахтасы маңында болған қайғылы жағдайға кеніш басшылығы кінәлі болуы мүмкін. Автобус жер астына түсіп кеткен аумақ қыстың күні де қатпай, буы бұрқырап жататын ойпаң жер болған. Соған қарамастан оның үстінен салынған жолмен көліктердің қатынасы үзілмеген. Ал апаттан бір күн бұрын кеніште жер жару жұмыстары болғаны туралы кәсіпорын жақ ашпай отыр.

Алтын кенішіндегі апат: Автобус әлі табылған жоқ

Алтын кенішінде жер астына автобуспен бірге түсіп кеткен екі адамды іздеу жұмыстары күні-түні жалғасып жатыр. Ойық шетіндегі топырақтың төменге қайта-қайта сырғуы құтқару жұмыстарында жүрген азаматтарға қауіп тудырып тұр. Кеше түсте жедел штаб хабарлағандай, құтқару іс-шараларында жер астын барлайтын арнайы геологиялық сканер құрылғысы пайдаланылып, құтқарушылардың жұмысы жеңілдей түскен.

Жексенбі күні ойықтың ернеуіне «Богатырь Көмір» кәсіпорнының үлкен краны орнатылды. «АК Алтыналмас» АҚ мен Павлодар облыс­тық төтенше жағдай департа­мен­тінің мамандары әлгі кранның кө­мегімен шұңқыр табанына мамандарды түсіріп, Бал­қаш қаласынан жеткізілген гео­ло­гия­лық радардың көмегімен топырақ қабатын сканерледі. Нәтижесінде, автобустың жат­қан орны шамаланды.

–  «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жалғастырудамыз. Геоло­гия­лық сканердің нәтижелері өң­деліп, шамамен автобустың орналасқан жері анықталды. Көлік жатқан жерге дейінгі ықтимал тереңдік 5-7 метрді құрайды. Шағын экскаваторды шұңқырға түсіру жоспарланып отыр. Оны ойық табанына жеткізу үшін траншея дайындау жұмыстары пысықталып, құтқарушылардың әрі қарайғы іс-қимылдарын күшейту туралы шешім қабылданды. Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайыңалтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ тарапынан 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетіледі. Мемлекет тарапынан марқұмдардың отбасыларына асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Қаза болған екі құтқарушының отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, – деді облыс басшысы Асайын Байханов.

Майқайың кентінде бү­гінде 9 мыңның үстінде халық тұрады. Кеніш ауылдың дәл іргесінде орналасқандықтан, жер­­гілікті тұрғындар көп жыл­дан бері эколо­гиялық ахуалға алаңдап келеді. Ойық пайда болған кеңістік үстінде алтын кенішіне апаратын жол болған. «Әлгі аумақ­та үнемі су жиналып, ойпаң болып жататын. Ал оның ас­тындағы кеніш камерасының төбесінен үнемі су сорғалап болмаған соң, ол жерді шахта басшылығы жауып тастаған. Біз бұл аумақтағы жол аса қауіпті екенін, көліктерді басқа аумақпен жүргізу қажеттігін компания басшылығына талай мәрте айтқанбыз. Алайда біздің ұсыныс-пікірімізді акционерлік қоғам басшылары құлағына да ілмеді. Кеніштің шахтасында жуықта республикалық ар­найы комиссия болып кет­кенін естідік. Олардың кө­зіне ескі шахта ішіндегі кем­ші­ліктер қалай түспегеніне таң­быз. Бұл мәселелерді айтуға жү­рек­сі­неміз. Себебі алтын ке­ніші мен кен байыту фабри­касынан өзім, балаларым, тіпті туыс­та­рым нан тауып жеп отырмыз. Айналадағы жұрттың кө­бі солай. Компания басшылары бізді қудалауы мүмкін», дейді аты-жөнін жасырып қал­ғы­сы келген майқайыңдық азамат.

Майқайың кенті әкімдігінен алынған мәліметке сүйенсек, қазір «Майқайыңалтын» АҚ-да жалпы саны 1 012 адам еңбек етеді. Акционерлік қоғамның құрамында бүгінде екі кеніш тобы мен кен байыту фабрикасы, көлік цехы, көлік жөндеу шеберханалары мен химиялық зертхана, өзге де құрылымдық бөлімшелер бар. Кәсіпорын өз тарихында 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, ал жалпы кө­лемі 16,7 млн тонна кен өндірген.

Айтып өтейік, автобуста бол­ған төртеудің барлығы – кәсіби әскерилендірілген ава­риялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының қызметкерлері. Құтқару қыз­метінің ресми сайтында көр­се­тілгендей, Павлодарлық фи­лиал­да шамамен 209 адам еңбек етсе, оның 36-сы «Май­қайыңалтын» АҚ-ның өн­дірістік базаларына жа­уапты болған. Бұдан бөлек, кәсі­билендірілген мекеме Екі­бас­тұздағы және Бозшакөлдегі кен орындарына қызмет көрсетеді. Құтқарушылар алтыншы тәулік іздеп жатқан автобус ішінде аталған құтқару қызметінің жедел алдын алу жұмыстары жө­ніндегі взвод командирінің орынбасары Айдос Шаймерден (36 жаста) мен жедел ав­то­көлік жүргізушісі Айып Ті­леу­бергенов (55 жаста) бар. А.Шай­мерден – 5 баланың әкесі, жұбайы екеуі 4 ер, 1 қыз баланы тәрбиелеп өсірген. Ал 12 қаңтар күні 56 жасқа тола­тын автобус жүргізушісі А.Тілеу­бергеновтің отбасында мүгедек қыз бала бар деп хабарланды. Екі азамат та – Майқайың кентінің тұрғындары.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті