Пікір • 09 Қаңтар, 2024

Ел бірлігімен мықты

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты көптеген мәселе қамтылыпты.

Ел бірлігімен мықты

Ел тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы алғаннан бері жаңаруға бағыт алған мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды бәріміз сезінеміз. Рас, әзірше жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құрып тастадық деп кеудемізді қаға алмаспыз. Бірақ бағытымыз айқын, мақсатымыз биік, сол жолға түскеніміз анық. Президент айтып отырғандай, «...Осы мақсатқа жету үшін біз бір ел болып, білек сыбана жұмыс істеуіміз керек».

Президент Қасіретті қаңтарға қа­тысты сұрақтарға да әдеттегідей тура жауап беріп, қаскөйлердің мем­ле­кеттік төңкеріс жасамақ болғанын ашық айтып отыр. Бұл ретте сұрақ та орынды, жауап та салмақты шыққан. Өйт­­кені әлі күнге дейін арамызда бей­біт шеру еді, билік неге қару қол­дан­ды дейтіндер бар. Оларға менің айтарым, қайдағы бейбіт шеру?

Егер Президентіміз қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап, тығырыққа тірелген елді, бейбіт халықты қор­ғаудың пәрменді шараларын қа­былдап, жедел жүзеге асырмағанда алдын ала жан-жақты ойластырылған, мұздай қаруланған содырлардың сойқаны неге әкеліп соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді. Біле білсек, Мемлекет басшысының табандылығының, ерік-жігерінің, батыл іс-қимылдарының арқасында ғана аман қалдық. Ақиқаты сол, ел басына күн туғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, батыл қимылдап, өзінің нағыз көшбасшы екенін дәлелдеді.

Соңғы отыз жылда бәріміз ауыз­бен орақ орып, жұмақта өмір сүріп жатқандай әсерде болдық. Қазақстан бай­лығының жартысы санаулы адам­ның қолына өтіп кеткенін енді біліп жатырмыз. Президент халықтан ештеңені жасырып отырған жоқ, әр сөзінде елдегі жағдайдың күрделі екенін дәт­теп, оның бәрін бірлігімізбен, ұйым­шыл­дығымызбен, елдегі тыныш­тықты сақтай отырып қана ретке келтіре алатынымызды, жылдар бойы қордаланған мәселелердің бір күнде, бір айда, тіпті бір жылда шешіле қалмайтынын айтып отыр.

Сұхбаттан түйген тағы бір ой – қазір үлкен өзгеріс кезеңіндеміз. Мақса­тымыз – халық сөзіне құлақ асатын мемлекет құру. Өркениет жолын таң­да­дық. Президент, Парламент, Үкімет әділетті қоғам орнатуға, мо­нополияларды жоюға, саяси транс­формация жасауға, еліміздің эко­номикалық дамуын жеделдетуге күш салып жатыр. Осы істерден қоғамның әрбір мүшесі шет қалмауға тиіс. «Баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүние­та­нымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақ­тануымыз керек. Халқымыздың бо­йындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұр­лау­сыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды», дейді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының жалпы­ұлттық құндылықтар, сапалы ұлт қалыптастыру жолдары туралы айтқан ойларын да қолдаймын. Расында да, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскер­лік, бастамашылдық, адалдық, қара­пайымдылық және үнемшілдік қана бізді табысқа жетелейді.

Бәріміз де елдің болашағын ойлаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дейміз. Ол үшін бізге ең бас­тысы бірлік керек.

 

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Солтүстік Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы