Пікір • 08 Қаңтар, 2024

Сындарлы ойлар айтылды

143 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Салиқалық пен сабырлық мықты саясаткердің негізгі, қала берсе өмірлік қағидаты болса керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған сұхбаты халқымыздың көкейінде жүрген талай түйткілді сұрақтарға шынайы жауап берген ашық әңгіме болды. Қасіретті қаңтарға қатысты да бұрын-соңды айтылмаған жаңа түйіндемелерді шынайы айтқанын байқаймыз.

Сындарлы ойлар айтылды

Қаңтар қасіретіне де екі жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, бірақ сол кездегі халықтың жүрегіне түскен сызат әлі сыздап тұр, жазылар емес. Әрине, ол бір-екі жылда жазылатын да нәрсе емес. Біз сол қаңтарда егемендігіміз ғана емес, елдігімізден айырылып қала жаздадық. Шетті айтпағанда, өзіміздің арамызда да түрлі сәуегейлер әртүрлі пікір таратып, халықтың санасын сарсаңға салды. Дәл осы кездегі қосарланған биліктің екіұштылығы да күмән қиялында отырған халықтың се­нім­сіздігін тереңдете түсті. Бұрынғы биліктің құдіретінен айырылып қалғысы келмеуі және жаңа биліктің жасап жат­қан жаңа реформаларын қабылдамау пиғылы алаңсыз отырған халықты ақыры дүрбелеңге салды. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың табандылығы мен қайратты мінезі, батыл шешімдері, айтқан орнықты сөз­дері, салиқалы саясаты, жасаған қа­дам­­дары, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, абдырап отырған елдің есін жиғызды, күмәнін сейілтті, үмітін оятты. Болмысынан ұлттық сана-сезімі биік, ел мүддесіне қатер төнген кездерде құрыш­тай ұйыса алатын, ақ-қараны ажырата білетін халқымыз Президентіміздің айналасына бірігіп, көк туымыздың астына жиналып, қайсарлығын танытты. Елдік пен егемендікті таңдады.

Қ.Тоқаев сол қаңтар қасіретінен ке­йінгі екі жылдың көлемінде, елдің бола­шаққа деген сенімін нығайта түсу үшін, экономикамыз тұралап тұрып қалмауы үшін, әлем алдында жүзіміз жарқын, мәртебеміз биік, елдігіміз берік екендігін дәлелдеу үшін, орнықты, мәртебелі орнымызды нық алуымыз үшін тынбай еңбек етіп келеді. Әлемнің жартысын шарлап, әйгілі инвес­торлармен кездесіп, мемлекетіміздің ішкі де сыртқы жағдайының тұрақты екендігін дәлелдеу үшін күш-жігерін аямай келе жатыр. Өзінің халқының ал­дында, басым дауыс­пен заңды сай­ланған Президент ретінде қашан да шы­найылығынан танған емес. Бүгінгі сұхбат та соның дәлелі. Ел кө­кейінде жүрген сұрақтарға жауап бере отырып, Президент мемлекетіміздің болашағына қатысты сенімді және нақты қадамдардың жасалғанын, олардың сая­си, экономикалық, заңнамалық негіз­де­рінің толық қалыптасқанын, ел эко­номикасының серпінді дамуына бар­лық алғышарттың бар екенін ашық және ашып айтты. Ол үшін еліміздің тұтас­тығы, оған негіз болатын халқы­мыз­дың ынтымағы мен бірлігінің аса маңыз­ды­лығын алға тартты.

Ұлтымыз бен ұрпағымыздың бола­шағы үшін, әрбір азаматтың жан-жаққа тартқыламай, жұдырықтай бірі­гіп, жұ­мы­ла еңбек етуі маңызды екен­дігін тағы да атап өтті. Шынында да, Тәуел­сіз­дік – басы­мыздағы бақ. Оны аялай білу – бәрі­міз­дің міндетіміз.

 

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты