Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газетіне берген сұхбаты көптің көкейінде жүрген сан түрлі сауалдың нақты шешімі мен жауабын айқын көрсетіп берді. Әлеуметтік-экономикалық мәселеден бастап ұлттық идеология, Қаңтар оқиғасы, білім мен ғылымды дамыту тағы да басқа өзекті тақырыптарды қамтыған сүбелі сұхбатта Президент әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелерді атап көрсетіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға да кеңінен тоқталған.
Президент тапсырмасымен биыл балаларға арналған «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі іске қосылғалы отыр. Бұл жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 5 жастағы балаларға 60 АЕК мөлшерінде білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, сондай-ақ 5-7 пайыз жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады.
Бүгінгі заманда білім мен ғылымның орны айрықша маңызға ие. Ұлтымыздың болашағын, ұрпағымыздың келешегін ойласақ, ең алдымен, жеткіншектеріміздің білімді, білікті азамат болып өсуіне қам жасау – басты мұратымыз болуға тиіс. Қазіргі дүние қарыштай дамып, қай салада болсын, ұдайы өзгерістер жүріп жатыр. Білім де тез ескіреді, оны үнемі жаңартып отыру керек. Яғни үздіксіз оқып, өз деңгейіңді үнемі арттыруың қажет. Тура мағынада айтсақ, өмір бойы оқу қажеттілігі туды.
Өткен күндердегі іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінге, бүгінгі ертеңге ұқсамайды. Себебі ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талғамы үнемі өсіп келеді. Қай қоғамда болсын шешуші фактор адами капитал екені сөзсіз.
Академик Қаныш Сәтбаев: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», деген еді. Бүгінгі заманауи постиндустриалдық кезеңнің ерекшелігі – дамыған нарықтық экономика, ашық демократиялық қоғам, цифрлы қызмет көрсетудің, жасанды интеллект технологияларының, «цифрлы сыңарлардың» және смарт-жүйелердің кең қолданысқа енуі.
Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Оған қоса Президент сұхбатында: «Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болып жатыр. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралу үстінде. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі», деп білім мен ғылымның маңыздылығына тоқталып өтті. Осы бағытта университетімізде Нобель сыйлығының лауреаты, «Ғаламдық энергия» сыйақысын беру жөніндегі халықаралық комитеттің мүшесі, «Жарқын болашақ үшін» атты Пан Ги Мун қорының басқарма мүшесі, БҰҰ Бас хатшысының Климаттың өзгеруі жөніндегі кеңесшісі, профессор «Рае Квонг Чунг атындағы Жаңа климаттық экономика орталығы» шымылдығын түрген болатын. Орталықта келешекте жаңа инновациялық білім бағдарламалары дайындалып, өзекті ғылыми-зерттеу жұмыстары жанданып келеді.
Мұнан өзге бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кадрлар даярлауға 88 мыңнан астам білім гранты бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15 пайызға ұлғайып отыр. Ғылымның жаңа технологиясын қолдауға бағытталған шараларды жүзеге асыру және зерттеудің озық үлгілерін өндіріске жаппай енгізуді қолға алу басты мақсат болу керек.
Біз береке мен бірлікті мызғымас темірқазық ете отырып, әділетті Қазақстанның байрағын биіктету жолында әрекет етуіміз керек. Бүгінгі заман – жаңа технологиялармен жарақтанған, ғылымды пайдаға асырған, адал еңбекті ту еткен жандардың жаңа ғасыры. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деп бекер айтқан жоқ. Ендеше әділеттік пен жаңаруды тең ұстаған кезеңде бізді бірлік пен еңбек жігерлендіре түседі деп ойлаймыз.
Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
Шымкент қалалық
мәслихатының депутаты, академик