Үкімет • 09 Қаңтар, 2024

2024 жылға арналған жоспар бекітілді

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесінің 7-отырысында БҰҰ-ның ТДМ саласындағы Қазақ­станның ұлттық индикаторларын өзектендіру мәселелері талқыланды.

2024 жылға арналған жоспар бекітілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов­тың төрағалығымен өткен талқылауға орта­лық мемлекеттік органдардың басшы­лары, БҰҰ, БҰҰДБ және Еуропалық одақ өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда ұлттық индикаторларға тексеріс жүргізіліп, олардың кейбірінің мәртебесін қайта қарау қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, өзекті индикаторлар санатына барлық вакциналармен иммундаумен қамтылған азаматтардың үлесі, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері, парниктік газдар шығарындыларының көлемі бойынша, т.б. көрсеткіштерді қосу ұсынылады. Бұл Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнін­дегі жұмысының тиім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар отырыста ТДМ индика­торларын еліміздің Стратегиялық бағдар­ламалары мен құжаттарына қосу, сондай-ақ оларды республика өңірлерінде локализациялау және енгізу мәселелері талқыланды.

Ә.Смайылов тұрақты даму мақ­саттарына қол жеткізу үздік халықаралық стандарттарды енгізу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ саммитіне қатысты. Президент өз сөзінде ТДМ-ға қол жеткізу біз үшін ұлттық басым­дық болып табылатынын атап өтті. Сол себепті біз неғұрлым әділетті және ор­нықты әлемге ұмтылу жолында мүше мем­лекеттердің барлығымен ынтымақ­тасуға әрқашан дайынбыз», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы ТДМ бойынша осындай сессия Астанадағы Халықаралық экономикалық форум аясында да өткізіл­генін еске салды. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде ТДМ-ға арналған семинарлар өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша Үй­лестіру кеңесі 2024 жылға арналған ТДМ-ны іске асыру жөніндегі шаралар жоспа­рын бекітті. Премьер-министр мемле­кет­тік органдарға оның уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бүгін біз нақты тапсырмалар қойдық, оларды жыл бойы кезең-кезеңмен орындау керек», деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы жалпыға бірдей кедейлік пен теңсіздікті жою, қоршаған ортаны қорғау, ғаламшар халқының өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарға шақыру мақсатында Тұрақты даму мақ­саттарын қабылдады. Барлығы 17 бағыт анықталды, оларды іске асыру экономика мен әлеуметтік өмірдің негізгі салалары­ның дамуына ықпал етпек. БҰҰ және Қазақ­стан Республикасының Үкіметі өкілдері ТДМ жетістіктеріне мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстап отыр.