Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Сұлу Сырдың жағасына барып, емін-еркін сұхбат құрып, ел тарихы мен талай қызық шежірелерді тыңдап қайтқан едім. Сол жолы Оңалбек замандасты етене жақын тани түстім. Ол байқампаз, көреген мемлекеттік қызметкер болумен қабат, өз елі мен жерінің тарихын, аңыздарын өте көп білетін азамат екен, сол жағынан өте қатты таңдандырды. Тағы бір ерекшелігі – Оңалбек өнер адамдарымен, ақын-жазушылармен етене жақын жүреді екен. Қазақтың дарынды драматургі Қалтай Мұхамеджановпен арасындағы аға-інілік татулықты, риясыз сыйластықты көзіммен көрдім. Қалтай аға да Оңалбек інісін өте жақсы көріп, шын көңілімен құрметтейтіні сезіліп тұрды. Екеуінің бір-бірімен әзілдесуі де барынша жарасымды. Кейінірек, депутат болып жүрген кезінде қазақтың тағы бір аса талантты жазушысы Әбіш Кекілбайұлымен аға-іні болып араласқанына куәмін. Әбекең де Оңалбектің алғырлығына, білімділігіне, байқампаздығына, әсіресе әдебиетке жүйріктігіне тәнті екенін айтатын. Әбіш аға өмірден озғанша екеуі жақсы араласты.
Қазір ойлап отырсам, Оңалбек Сәпиұлы екеуміздің тағдырымыз да ұқсас екен. Мен Қарағанды өңіріндегі атақты Нұра бойында ержетсем, ол Қызылорда топырағындағы Жаңақорған ауданы көлемінде, атақты Сыр өзенінің бойында балалық шағын өткеріпті. Талай-талай өзара әңгімелесу сәттерінде әкесі мен анасы туралы тебірене әңгімелейтін. Құдайбергенұлы Сәпи ақсақал мен Әбішқызы Ұрқия апамыздың ұрпағы Сыр бойындағы көне Өзгент өңіріндегі орта мектепті бітіре сала қалаға жүгірмеген, өзі туған «Октябрь» (қазір Қожакент) елді мекенінде екі жыл қой бағыпты. Демек болашақ ұлт қайраткері қарапайым еңбектің де ащы дәмін татқан, солай ержетіп, солай үлкен арманға құлаш ұрған. Ол өмір жолының алғашқы кезеңін жасырмай «бұрын қой баққан, қойдың тілін білетін адаммын» деп әрі мақтанышпен, әрі әзілдеп қоятын. Менің де Нұра жеріндегі өмір жолым мектепті аяқтаған соң, алдымен қой бағудан басталғанын айтсам, «о, Ореке, біздің өміріміз тіпті ұқсас екен ғой» деп риясыз күліп алатын.
Кейінірек Парламент Сенатының депутаты болып сайланып, бірге қызмет жасаған кезімізде Оңалбек Сәпиұлының өткен өмірін бұдан да тереңірек біліп, бұған дейінгі атқарған қызметтерімен таныстым. Ол 1977 жылға дейін Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінде хатшы, сосын Мәскеудегі орталық комсомол комитетінде жауапты қызметтерде болыпты. Ол кезде БЛКЖО орталық ұйымына қазақ елінен барып қызмет атқарған қандастарымыз санаулы ғана еді. Сондай аса үлкен жауапкершілікті жап-жас Оңалбек азамат абыроймен атқарып, өзінің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білгенін атап айту керек. Ал 1977 жылы Қазақстан Орталық комсомол комитетінің (әрине, Мәскеумен келісе отырып) шешімімен Қызылорда облыстық комсомол ұйымына бірінші хатшы болып бекітілді және облыстық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат болды. Міне, осы уақыттан бастап Оңалбек Сәпиұлы республиканың саяси-әлеуметтік мәселелеріне белсене араласып кетті. Арасында екі жыл Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясында оқып қайтқанын айтпағанда, бүкіл ғұмыры Сыр өңіріне байланғанын байқау аса қиын емес. Әр жылдарда Сырдария, Жалағаш аудандарының бірінші басшысы, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметтерін атқарды. Сол уақыттарда Қызылорда облысының экономикасы қарыштап дамып, мәдени және саяси тұрғыдан да өсе түсуіне Оңалбек Сәпиұлының іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің зор ықпалын тигізгенін Сыр елінің азаматтары мақтана әңгімелейді. Әсіресе облысты білікті басшы Еркін Әуелбеков басқарған тұста ол өзін жақсы қырынан көрсете алды, барынша талапшыл басшының сенімін ақтады. Оның дәлелі – Еркін Нұржанұлының оған бүкіл облыстың идеологиясын, рухани-мәдени саласын сеніп тапсыруы. Қызмет жағдайында өзіне барынша қатаң талап қоя білетін азамат өзгелерден де соны талап етті. Әсіресе жас мамандарға талапшыл болғанын, жас кадрларды тәрбиелеу ісінде өнегелі із қалдыра білгенін осы күнге дейін Сыр халқы ризашылықпен айтады. Өзі басшы қызметте болған жылдар ішінде ол көптеген жастың алдағы өміріне жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді немесе тікелей тәрбиелеп, жауапты қызметтерге көтерілуіне мүмкіндік туғызыпты. Олардың арасында кейін есімдері республикалық деңгейде танымал болған Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев, Биғали Қайыпов, Атамұрат Шәменов, Болат Оразов, Кеңес Маханбетов, Жолтай Әлмашұлы (жазушы-драматург), Махмұт Нәлібаев (кәсіпкер-меценат), Гүлсара Алтынбекова, т.б. бар. Өнерлі жастар арасынан атақты жыршы-жырау Алмас Алматовты, әнші-сазгер Елена Әбдіқалықованы, жезтаңдай әнші Елмұра Жаңабергенованы, т.б. өз мүмкіндіктерін молынан көрсетіп, қанат жайып, елге танылуына жол ашқанын айтып отырады.
1997 жылы Оңалбек Сәпиұлы Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Ал мен 1999 жылдың желтоқсанында Парламент Сенатының төрағасы болып бекітіліп, әрі қарай екеуміз төрт-бес жылға жуық уақыт қатар қызмет атқардық. Ол депутаттық өкілеттілігін 2008 жылға дейін жалғастырды. Міне, осы кезең аралығында республика халқы үшін, ел мүддесі үшін аса қажетті жүздеген заң қабылданған болса, сол заңдардың сапалы да сауатты болуында Оңалбек достың зор үлесі бар. Әсіресе тіл мәселесіне барынша баса назар аударды. Ол көп жағдайда қазақ тілінде сөйлейтін, ал түсінбей қалып, жақтырмай жатқандар болса, оларға жауап қатып «мемлекеттік тілді сыйлай білейік, әріптестер» деп сабырға шақыратын. Тіпті тоқтамай бара жатса, дәлелді уәж келтіріп, жоқ жерден шу шығаратын даукес депутаттарды өз орнына қоятын. Оңалбек қай кезде де ойындағысын ашық жеткізеді, көңілі толмаған, көзі жетіп тұрған кемшіліктер болса, турасын айтады. Бұл ретте Оңалбек Сәпиұлын адалдық пен әділдікті серік еткен, қара қылды қақ жарған азамат деп бағалауға болады. Өзімен бірге қатарлас-қанаттас болған, бірге қызметтес болған депутат іні-достары Оңалбекті құрметтеді, онымен пікірлес екенін ашық білдірді. Қазақтың ел құрметіне бөленген арда азаматтары, ұзақ жыл бойы депутат болған Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Алтынбаев, Фариза Оңғарсынова, т.б. Оңалбекті іні-дос санады, үлкен құрметпен қарады.
Бір жағдай әлі күнге есімнен кетпейді. Мен республиканың Мемлекеттік хатшысы қызметінде отырған кезімде Түркия елінде бүкіл түркітілдес халықтар өкілдері бас қосқан үлкен жиын өтті. Қазақстан жағынан баратын делегацияға жетекшілік жасау маған жүктелді де, нағыз ұлтжанды азаматтардан құралған отызға тарта кісі бас біріктіріп, Анкараға аттандық. Ортамызда Оңалбек Сәпиұлы да бар еді. Жиынның өту барысында бір азамат қатты ділмарсып, қазақ елі туралы ыңғайсыздау әңгіме айтты. Сол кезде Оңалбек дос сөз сұрап, мінберге шықты да, жаңағы кісіге әрі жауап бере, әрі еліміздің сол кездегі атқарып жатқан ауқымды істері жайынан тебірене толғап, ұзақ сөйледі. Сөзін аяқтаған кезде қатысып отырғандар еріксіз қол шапалақтады. Міне, ақыл-ой ұстамдылығы мен сөз жүйесін білетін шешендік деген осындай болмас па!
Өз басым Оңалбек Сәпиұлымен таныс болғаныма, бірге қызмет еткеніме, әрі құрдастай сыйласқаныма ризамын. Біз отбасымызбен араластық. Менің жарым Жамал мен Оңалбектің жары Қайырзада екеуі ең жақын құрбыдай болып кетті. Менің ұлым Сержан да, Оңалбектің баласы Еркебұлан да дипломаттық жұмысты қалады. Қысқасы, екеуміздің тағдыр-жолымызда ұқсастық өте көп. Әрине, мен Оңалбектің шешендігіне, сөз тапқыштығына, сонымен қабат қай кезде де ешкімнен тайсалмайтын батылдығына таңғала қараймын. Бұл – оның жеке бас ерекшелігі. Ондай оқшау қасиетін басқа да таныс-достары жақсы біледі ғой деп ойлаймын.
Осы күндері үлкен жүректі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтын жанымен сүйетін адал азамат Оңалбек Сәпиұлы сексеннің сеңгіріне көтерілді. Зайыбы Қайырзада екеуі немере-шөберелердің қызығына тоймай, жас буынға өрелі кеңес, аталы сөз айтып, ел мен еңбек зейнеті төрінен лайықты орын алатыны сөзсіз.
Оралбай ӘБДІКӘРІМҰЛЫ,
мемлекет және қоғам қайраткері