Қоғам • 09 Қаңтар, 2024

Жұртшыл журналист

446 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоғамды негізгі қозғаушы күш – әуелден журналистер қауымы. Өнері аспан­дағы жұлдыздарға жалғасқан ерен жүйрікті де, ғасырдың теңдесі жоқ теңіз­ден терең ғұламаны да, тұлғасы таудан биік еңселі ерді де, қоршаған орта мен табиғаттың ғаламат, ғажайып көрініс кереметтерін де, ең әрісі Құдай Тағаланың пендесіне жіберген шапағат нұры мен қиямет-қа­йымын да ел-жұртқа жіліктеп отырып жеткізетін жанкешті еңбектің иесі – жансебіл журналистер қауымы.

Жұртшыл журналист

Жанкешті деген сөзімізді сәл тарқа­тып, нақтылай түссек, қалам ұстаған қара­пайым журналист өнері аспанға өрілген ерен жүйріктің жан дүниесін ашу үшін оның өнерін түсініп, білуі шарт. Ал ақыл-ілімі алты құрлыққа асып кеткен академикпен салиқалы әңгіме құру үшін тым құрығанда сол ғылымның түп-тегіне үңіле алатын өре керек. Тау тұлғаның елден биік еңбегін әділ бағалау үшін пафос пен парықтың, пайым мен парасаттың аражігін ажырата алатын аса қарымды қабілет қажет. Осы шарттардың үдесінен толық шыққан қалам­гер­ді ғана жақсы журналист деген жөн секілді.

Бүгінде журналист Жолдыбай Базар қолына қалам ұстағалы қазақтың әрідегі заманынан бастап, берідегі әр күнгі толғақты тақырыптарын толғана жазып жүр. Үнемі жақсы мен жарықты іздеген Жолдыбайдың көтерген көптеген тақырыбының бәзбірін біздің қоғам әлі толық пайымдап үлгермеді ме деген күдік бар. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде басылған «Көрдемше» атты көлемді мақаласы көпшілік ортада төңкерісшіл резонанс тудырғанымен, биліктің бишігін ұста­ғандардың кейбірінің меңіреу мишы­ғы­на сәуле болып құйылмады. Әйтпесе, «Қан тазалығын қатты ұстан­ған елміз» деп айдай әлемге жар салып, көкі­рек көтерген қазақтың барлық болмысы мен ғұмырлық ұстыны болған ұлт­тық құндылықтары қалай құри бас­та­ғанын көзге шұқығандай етіп көрсеткен «Көрдемше» тақы­ры­бындағы мәтінге мән берген Алаштың әрбір азаматы тәрбие мен дәстүр жөнінде, тиым мен тек туралы салмақты сөз айтып, қазақ болып қалу туралы нақты іске ойыса бастайтын еді.

Судың тұнығын ішіп, шөптің дәру­лігі мол шүйгінін ғана қорек қылатын, қа­заққа мінгенде көлік, иін қандырып ки­генде киім, сауғанда сусын, жеген­де асыл тағамы болған жылқы малының да тізгін ұстаған барлық қауымға мәлім қасиеттерінен артығын да осы Жолдыбайдың қаламынан туған дүние­лер­ден оқып білдік. Тұйық та тік тұяқ­тының әріптесіміз әспеттеген әр қасиетін тәптіштей түссек, тым ұзаққа кетіп қаларымыз анық. Оны керек қылған адам өзі тауып алып, көз жүгіртіп, игілігіне жаратып жатса, құба-құп.

Ал енді елдік пен мемлекеттік шаруа­ға­ келгенде, кәдімгі оттай лапылдап жанып тұратын Жолдыбай қай мәселені көтермеді? Әсіресе ормандай қалың оңтүстік халқын арасы сиреп қалған солтүстіктегі ағайын-бауырдың арасына көшіріп апарып, жерсіндіріп, тұрақ­тандыруы үшін жалпақ жұртына жария қылған мағынасы мен мазмұны ғұ­мыр­лық ұсыныс-тілектен тұратын «Ішкі көші-қонды қалай реттейміз?» атты тұғырлы мақаласын биліктің бишігін ұста­ғандардың қайсысы парықтап, па­йымдай білді? Әгәраки, тиісті орын­дағыларға тұжы­рым­дамалық мәні бар осынау мақала анық жетіп барғанда, қазіргі күнде оңтүстіктен тартылған керуен көштің салтанатына қарап әр қазақ марқая масаттанып, мақтанып отыр­­ған болар еді.

Журналист Жолды­бай Базардың белді туын­дыларының бәрін бұл арада таратып айта беруге орын тар. Себебі оның шебер ойынан туған прозалық шығармаларының өзі бір төбе. Біз білетін Жолдыбайдың ғұмырлық ұстанымы – саламатты ұрпақ тәрбиелеп, елдің, жердің шын қамқоры мен қорғаны болатын отансүйгіш азаматты өсіріп, жетілдіру. Жолдыбай өмірлік жары Гүлбала екеуі алты бірдей пер­зентті мәпелеп өсіріп отыр. Елдегі дарынды әрі әдепті балаларға арналған алдыңғы қатар­лы мектептер санатына жататын Білім және инновация лицейін үздік тәмам­даған екі үлкен қыздың бірі Алма­­ты­дағы Сүлеймен Демирел ха­лық­­ара­лық университетінде, ал екін­шісі Қара­ған­дының медицина уни­вер­си­тетінде оқып жүр. Кейінгі екі ұл да атал­ған лицейде білім алып жатыр. Кейінгілері әлі балабақшада.

 Әуелде есімін біліп, қаламын қызық­тап жүрсек те, осыдан тоғыз-он жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газе­ті­нде Жолдыбаймен алғаш рет жүзбе-жүз танысып, біліс­тік. Үнемі көңілі гүл, жайдары күл­кісі жүзінде тұратын Жолдыбайдың өмір­лік ұстанымы нағыз қазақылық еке­ніне бәріміздің көзіміз жетті. Үлкенге құр­ме­тін, кішіге ізетін жасап тұрудан бір жа­ңыл­майтын ініміз араласқан ортада өзі де мол сый-құрметке ие болды. Үлкен орын­да өзінің салмақты әрі жүйрік қалам иесі екенін анық танытып, бірер жылда газеттегі ең ауыр саналатын сая­сат бөлімінің тізгінін ұстады. Бөлімнің ауыр сал­мағына қарамай, тақырыптарды еркін мең­геріп, дөңгелетіп әкетті. Нәти­же­­сінде, саладағы ерен, ерек тұлғалар­дың алдында абырой-беделге ие болды. Жол­ды­байдың білімі мен білігі, бойын­да­ғы ізгі кісілігі мен кемелденуі – соған лайық.

Елдегі бас басылым саналатын «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінде мәдениет және әдебиет бөліміне жетек­ші­лік етіп отырған ініміздің қазіргі ілге­рінді еңбегі ел-жұрттың назарында. Оның басшылығымен бөлім дайындаған басы­лымның танымдық әдеби, тарихи беттерін оқырман қауым құмарлана оқитынын көз көріп жүр. Сон­дық­тан іргелі азаматтың еңбегін әділ баға­лаған ұжым басшылары редакция жанына тұрғызған жаңа жатақ­ха­надан екі бөлмелі үй беріп, Астанадан 40 шақы­рым жердегі Ақмол қаласынан қалап көшіріп алған еді. Бүкіл саналы ғұмы­рын журналистикаға арнап келе жат­қан абзал азаматтың қолы былтыр көле­мі ат шаптырым пәтерге жетті. Оған себепші болған, әрине, қазіргі газет басшылары.

Мерейлі белестегі Жолдыбай бауы­ры­­мыз­дың әлі де ала­тын асқаралы асуы алда. Ол асуларды қаламымен бағын­ды­ра­тынына сенеміз.