Ғаламшардың таңғажайып әрі жұмбақ бұрышы аталып кеткен құмды мекенде 1800 жылдан бері 350-ден аса кеме суға батып, қанша адам ізім-ғайым жоғалған. Аралдың атауы ағылшын тілінен аударғанда «жоқтау, қара» дегенді білдіреді. Жаңа Шотландиядан оңтүстік-шығысқа қарай 180 км қашықтықтағы бұл жер Канадаға тиесілі. Кішкентай ғана арал былай қарағанда ирелеңдеген құртқа ұқсайды. Мұнда ағаштар да, дәнді дақылдар да, жануарлар да тамыр жаймаған. Тек жабайы жылқылар ғана осы құм төбелерін мекендейді. 300 жыл бойы жылқылардың тұқымы мұхиттың ортасында қалай аман қалғанына таңғаласың.
Сейбл аралындағы жылқылардың көбі – 1760 жылы келген тұяқтылардың тұқымы. Саудагер Томас Хэнкок жануарларды иен даладағы құмға әкелді. Бұлар – Андалусия, Бретон, Бербер және Норман тұқымдары. Барлығы – 60 бас болған. Олардың саны айтарлықтай өсіп-өнген. Сөйтіп, арал мен құрлық арасында тұрақты жылқы саудасы пайда болды. Жылқылардың бағасы төмен болғандықтан, саудагерлер мол байлыққа кенелеміз деген үмітпен Сейблге тұяқтыларды әкеле берген.
Аралдың кез келген нүктесінен мұхиттың екі жағын да көруге болады. Себебі аралдың ұзындығы – 42 км, ені небәрі – 1,5 км. Біраз уақыттан кейін адамдар бұл көзсіз аралды да игерді. 1801 жылы Сейблде құтқару стансасы ашылды. Станса қызметкерлері күніне екі рет аралды айналып өтіп, суға батқан кемелерден қалған қалдықтарды іздеді. Ал жабайы жылқылар құрлыққа құлаған құтқару қайықтарын, қажетті құралдарды, қалдықтарды, жүктерді тасымалдады. Осылайша, жабайы жылқылар адамдар мен жүктерді тасуға бейімделді. Уақыт өте келе аралда жүзудің қауіпті екені ескеріліп, станса жабылды. Адамдар кенеттен қажетсіз болып қалған жануарларды сатуға шешім қабылдады. Сөйтіп, қорегі аз жағалауды мекен етіп, бір ғана шөп түрімен қоректенетін жылқылар саны азая түсті.
1960 жылдары Канада үкіметі жылқыларды көмір шахталарына немесе союға жібереміз деген жоспар құрды. Бұл бір жағынан жануарларға қамқорлық, екінші жағынан, аралды инвазивті түрлерден қорғау еді. Алайда бұл шешім көпшіліктің наразылығын тудырды. Табиғат жанашырлары жылқы үйірін барынша қорғап қалуға тырысты. Себебі 300 жыл ішінде жылқылар аралдың рәмізіне айналған еді. Олар туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылды. Канаданың сол кездегі премьер-министрі Джон Дифенбакер заңға түзетулер енгізіп, жылқыларды толық қорғауды тапсырды. Билік қыл құйрықтыларға қол тигізу туралы шешімін өзгертіп қана қоймай, оларды қорғауға кірісті.
Жылқылар мен арал «қол тигізуге болмайды» деген мәртебеге ие болғаннан кейін, аралға итбалықтар келіп, тіршілік жандана бастады. Сұр итбалықтар да көзсіз аралды мекендеді. 1960 жылы Сейблде 200-300 итбалық болса, 2004 жылы олар 50 мың болды. Төлдеу маусымы кезінде итбалықтар жағажайларды, бүкіл аралды басып алады. Жылқылар осы итбалықтармен жымдасып тіршілік кешіп жатыр. Әр қыс сайын итбалықтың 500 мыңы жағаға шығып, төлдейді. Итбалықтар жабайы жылқылар өмірін сақтап тұр десек те болады. Себебі бірнеше апта бойы жағада төлдеу арқылы жерді құнарландыра түседі. Бұл үдеріс жылқылардың жайылуына, құнарлы қорек жеуіне оң әсер етеді.
Жабайы жылқылар негізінен сақ, қырағы, асау болатыны баршамызға мәлім. Бірақ Сейбл жылқылары – жуас, маңғаз. Адамзаттың үздіксіз арпалысы мен қым-қуыт тіршілігінен ада. Ешкімге тиесілі де емес, еш адам баласын елемейді. Дегенмен теңізден тыныштық тапқан тұяқтылар өмірі бұлай жалғаса бере ме деген сұрақ биологтердің көкейінде жүр. Себебі олар Шотландия жағалауындағы сирек кездесетін биоәртүрлілікті жоюы мүмкін. Еркіндікте өмір сүрген жақсы болғанмен, жылқылардың сау әрі жайлы тіршілігіне арал жарамсыз. Мысалы, Сейбл аралы институты екі апта сайын жылқылардың өлігін санау үшін қаншама еріктіні жібереді.
– Жылқылардың қазіргі жағдайы ауыр. Жануарлардың әл-ауқаты тұрғысынан қарасақ, олар қолайлы тіршілік ету ортасынан тыс өмір сүріп жатыр және осы мәселеден қатты зардап шегеді. Жылқылар өлімінің деңгейі жыл сайын өсіп, өршіп келеді. Сондай-ақ қаншама ауру жабысып, дерттен көз ашпайтын кездері жиі болады. Таза ауыз суға және қарапайым шөпке қол жеткізу де қиын. Бұлар – үлкен қысымға ұшыраған «тастанды жануарлар» популяциясы, – дейді Ньюфаундленд мемориалдық университетінің профессоры Ян Джонс.
Содан бері ғалымдар зерттеу үстінде жүр. Жылқыларды аралда қалдыру керек пе, жоқ па деген сұраққа жауап табылмады. Бір жағынан, жергілікті экожүйеге өте жақсы әсер етті. Пышақтың бір ұшы қан, бір ұшы нан демекші, бұл құбылыстың да көлеңкелі тұсы бар. Жылқылардың өмір сүру сапасы қатты нашарлап, генетикасына кері әсер берді. Жел мен ылғалдылықты қоспағанда, қорек табу жағы қиын. Желдің әсерінен аралдағы барлық шөп құммен араласып, тұяқтылардың тістеріне жүктеме түсті. Тағы бір мәселе – паразиттер. Шындығында, аралда жылқылардың артынан ешкім тазалық жұмыстарын жүргізбейді. Зиянды заттардың барлығы топырақ пен суда қалады. Оның ішінде патогендік организм – паразит те бар. Жылқылар ішіп-жегенде, зиянкестердің барлығы иесінің денесіне қайта оралады. Сондықтан аралдағы айғырлар орта есеппен 6 жыл, ал биелер 4,5 жыл ғана өмір сүреді. Бұл қарапайым үй жылқысының ғұмырымен салыстырғанда өте аз.
Қазіргі уақытта аралда 200-350 жылқы бар. Олар бәріне де көндіккен. Басқа жылқылар сияқты үйір-үйір болып жүреді. Ыстық күндері теңіз жағасында көп уақыт өткізеді. Кейде теңізге кіріп, толқындармен таласа шабады. Бірақ көбіне дымқыл құмды кезіп жүргендерін көруге болады. Сейблдің басты қасіреті – жел. Қатты жел соққан кезінде жылқылар құм төбелерінің арасындағы шұңқырларға тығылып, ық іздейді. Аралда адасқан жылқылар жел секілді күн кешіп жатса да, жел айдаған қаңбақтай қажетсіз.