Президенттің алдағы атқарылатын басты міндеттерге айрықша мән бере сөйлеуі 2024 жылдың ел өміріне оң өзгерістер алып келетін жауапты жыл боларына сендіреді. Мәселен, 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің екі еселенуін көздейтін жаңа экономикалық үлгіге көшу ел экономикасы үшін маңызды қадам екенін тағы бір мәрте қадап айтты. Көп күттірмей Үкіметтің кеңейтілген отырысында осыған байланысты нақты іс-шешімдер айқындалатынын жеткізді. Сыртқы саясатқа келетін болсақ, мұндағы жасалатын әрбір қадам тікелей ұлт мүддесімен ұштаса жүзеге асатынын мәлімдеді. Қазақстан биыл бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық ететінін оқығанда, көңіліміз марқайып, еліміздің шет мемлекеттер арасындағы абырой-беделін асқақтатар мұндай бастамаларға зор үмітпен көз тіктік. Бауырлас халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және ұлттық спорт түрлерін танымал ету үшін Қазақстанда Дүниежүзілік көшпелілер ойнын өткізу идеясы жыл мұратымен жылы астасып жатқаны қуантады.
Осы орайда бізді, ғалымдарды тағы бір ерекше жайт – тарихи ірі тұлғалар тағылымымен табыстыратын іс-шараларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғаны сүйсінтеді. Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың – 125, қазақтың батыр ұлдары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың – 100, сондай-ақ Жошы ұлысының 800 жылдығы аталып өтпек. Мұның қабатында Қазақстан тарихына қатысты ауқымды жобаның аяқталу кезеңі жақындап қалғанын біліп жатырмыз.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы туралы бұған дейін дәл осыншалық ауқымды және ашық әңгіме болмаған еді. Сұхбаттан қайғылы оқиғаның басқа да себептері мен алғышарттары туралы егжей-тегжей мағлұмат алып, көкейде жүрген көп сұраққа жауап таптық. Жылдар бойы жинақталып, шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық проблемалар қоғамда наразылық тудырғаны, ал мұндай сәтті өзгерісті қаламайтын, қоғамдағы тауарларды әділ бөлуге бағытталған реформаларды қабылдағысы келмейтін топ өздерінің мүддесіне пайдалануға әрекет еткені, қылмыстық топтар мен арандатушылар зорлық-зомбылықпен, талқандаумен, өртеумен, мүлікті жоюмен айналысып, наразылық соңы жағдайдың ушығуына әкеліп тірегені мәлім. Президенттің сондағы батыл іс-әрекеті тәуелсіздік туын шайқалтпай ұстап қалды.
Президент еліміздің экономикалық дамуына айрықша тоқталды. Ұлттық экономиканың көлемін екі есеге дейін арттыру ел алдында тұрған айқын мақсаттың бірі саналады. Бұған қалай қол жеткізуге болады? Ресурстарды оңтайлы бөлу және тиімді жоспарлау арқылы ғана экономиканың тамырына қан жүгіретіні анық. Осы орайда әлемдегі экономикалық ахуалдың күрделі жағдайы ел дамуына салқынын тигізбей тұрмасын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы кез келген қиындықтың өзі кейде жаңа мүмкіндікке жол ашатынын, ол үшін Үкіметтің сондай күрделі кезеңнен алып шығатын жан-жақты ойластырған жоспары болуы керектігін айтты. Президенттің осы сөзіне біз де толығымен қосыламыз. Үкіметтің күнделікті жұмысындағы басты қағида осы сөз болғаны жөн. Олай дейтін себебіміз, қазіргі азық-түлік проблемасы болсын, қымбатшылық пен бағаның тұрақсыздығы болсын, елдегі басқа да шешімін таппаған әлеуметтік мәселелердің қай-қайсысы да Үкімет қабылдаған шешімдерге барып тіреліп жататыны айдан анық.
Президенттің білімпаздық, кәсібилік, адалдық сияқты адами қасиеттер туралы мәлімдемесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Сонымен бірге ол жат мәдениетке еліктеуді, жалған патриотизмді және дарақы мақтануды әсте қабылдамайды. Мемлекет басшысының бұл тұрғыда айтқандары озық ойлы зиялы қауым өкілдерінің де ойларымен әрдайым қабысып тұратыны еш күмән туғызбайды. Адами қасиеттер мен ұлттық құндылықтар жайында қозғаған ойлары мен әрбір сөзін жанымызға жақын тұтамыз әрі қоғамның оң өзгерісіне біз де күш-қайратымызды аямай жұмсай береміз.
Осы сұхбатты оқып отырғанда тағы бір ішімізді жылытқан нәрсе – «2024 жылды қалай қарсы алдыңыз?» деген сұраққа «Жаңа жыл маған қастерлі мереке емес... Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы» дегені.
Зейнеп БАЗАРБАЕВА,
ҰҒА академигі