Баға • 10 Қаңтар, 2024

Бағаны тұрақтандыру талқыланды

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 2023 жылғы жұмыс қорытындысы шығарылды.

Бағаны тұрақтандыру талқыланды

Жалпы жылдық инфляция деңгейі 9,8%-ды құрап, алғаш рет азық-түлік индикаторы азық-түлік емес тауарлар индикаторынан төмен болды. Азық-түлік инфляциясын төмендетудің негізгі қозғаушы күші – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова атап өткендей, министрлік инфляция деңгейін 2024 жылы 6-8% деңгейінде ұстап тұру үшін ағымдағы жағдай мен бесжылдық үрдісті ескере отырып, әрбір өңір бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар бөлінісінде индикативті бөлшек сауда мәндерін есептеді.

«Өңірлер мен тауарлар бөлінісіндегі ӘМАТ-тың индикативті бағасының жобасы 2024 жылы 6-8%-дан аспайтын инфля­цияның нысаналы деңгейі негізінде есептелген. Ұсынылатын көрсеткіштер ағымдағы нарықтық конъюктураны, маусымдық факторды және болжамды трендтерді ескереді. Сондай-ақ делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы да жалғастырылатын болады», деді Айжан Бижанова.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тұрақтандыру қорларын­дағы ұн мен нан бағасын тұрақтандыру және көкөніс қорына қатысты жағдайды мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әкімдіктердің дерек­тері бойынша ӘКК-де 25,7 мың тонна көлемінде ұн қоры бар, оның ішінде тұрақ­тандыру қорларында – 14,1 мың тонна, айналым схемасы шеңберінде – 11,5 мың тонна. Әкімдіктер мен Азық-түлік корпорациясының меморандумдары аясында өңірлерді жеңілдетілген бидаймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында бекітілген бидай көлемі 64,5 мың тоннаны құрайды, қазірдің өзінде 60,8 мың тонна бидай жөнелтілді», деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2024 жылдың қысқы-көктемгі кезеңіне 174,1 мың тонна (100,6 мың тонна картоп, 25,6 мың тонна пияз, 22,6 мың тонна қырыққабат, 25,1 мың тонна сә­біз) көлемінде көкөніс қоры қалып­тас­тырыл­ған. Бұл көлемдер нарыққа ақпан-сәуір ай­ларында реттеуші әсер ету үшін жеткілікті.

Вице-министр әкімдерге мамырдан шілдеге дейін көкөніс бағасының өсуі­не жол бермеу үшін ерте жиналатын егін­ді жеткізуге арналған форвардтық келісім­шарттар жасау қажеттігін еске салды.

«Биылғы маусымаралық кезеңді қар­жы­ландыру өткен жылдың 1 тамызынан басталуға тиіс еді. Алайда өңірлер әлі күнге дейін ерте пісетін көкөністерді жеткізуге форвардтық шарттар ұсынған жоқ», деп атап өтті Е.Тасжүреков.

Жиынды қорытындылай келе Серік Жұманғарин өткен жылы азаматтар­дың инфляциялық күтулері өте жоғары болғанын, бұл үрдіс 2022-2023 жылдардағы инфляцияға әсер еткенін айтты. Өңірлердің үйлесімді жұмысының арқасында бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік туды. Тіпті жаңа жылға дейін ел тұрғындары бағаның өсуін байқамады, ал халық үшін инфляцияның негізгі тауар-маркері әрқашан азық-түлік болды.

«Биыл инфляция дәлізіне 6-8% кіру міндеті тұр. Көкөніс қорларын брондау үшін нақты жоспар құру керек және бұл жұмыс­­ты ақпан айының соңында емес, әлде­қайда ертерек бастау қажет. Қажет бол­ған жағдайда жеміс-көкөніс өнімдерін бір өңірден екінші өңірге бірнеше күн ішінде жет­кізу мақсатында өңіраралық көлік логис­тикасының тиімділігін арттыру керек. Өнім­сіз делдалдарды анық­тау бойынша өңірлік комиссиялардың жұмы­сын күшейту қажет», деп қорытындылады С.Жұманғарин.