Фото: gov.kz
Қаланың жалпы көлемі – 88 мың гектар, ал халқының саны 52,7 мың адамды құрайды.
Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияларды, технологияларды, қосымша қаржы ағындарын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын және экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді.
«Сонымен қатар Үкімет АЭА (арнайы экономикалық аймақ) аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту мен G4 City АЭА-ны Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі АЭА аумағына жатқызылады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің басым түрлері бойынша ЭҚЖЖ-ның (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) 17 атауы негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 12,5 трлн теңгеге 170-тен астам жобаны орналастыру көзделіп отыр», делінген хабарламада.
Болжамды мәліметтерге сәйкес, АЭА объектілері жобалық қуатына шыққаннан кейін бүкіл кезеңдегі бағаланған жиынтық үлесі 47,3 трлн теңгені, оның ішінде мультипликативтік әсері 17 трлн теңгені құрайды. Айтарлығы, мемлекеттік инвестицияның әрбір 1 теңгесіне 3,8 теңге жеке инвестиция тартылады.