Пікір • 10 Қаңтар, 2024

Заманауи стратегия – ұлттың жаңа сапасы

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміз үшін жаңа жыл жақсы жаңалықтармен басталды. Оның ішінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатын оқып, көкейдегі сан сауалға жауап алдық. Бүгінде біз мемлекеттік саясаттың жалпыұлттық құндылықтар жүйесін қайта жаңғыртуға және тұтас алғанда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталуының өзгергеніне куә болып отырмыз.

Заманауи стратегия – ұлттың жаңа сапасы

Сұхбатта ел Президенті «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс... еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бас­та­машылдық, адалдық, қара­пайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал аза­матқа тән қасиеттер мен құн­ды­лықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жете­лей­тін осындай қасиеттер мен құн­дылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деді.

Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жалпы­ұлт­тық құндылықтарды қа­лып­тас­тыру үшін жастар саясаты дұрыс құрылып жатыр. Үкімет жас ғалымдарды қолдау мақсатында нақты шаралар қабылдап жатқанын да біліп отырмыз.

Экополиэтилен, интел­лек­­туалды егіншілік, суды ин­­но­вациялық сүзу – С.Аман­жо­лов атындағы Шы­ғыс Қа­зақстан университеті жас ға­лымдарының ғылыми жоба­­­ларының аз бөлігі ғана. Уни­верситет кейінгі жылдары еліміздің іргелі және қол­дан­­балы зерттеулерінің басым бағыттарына сәйкес қа­лып­тас­қан ғылыми зерт­теу­лерді жетілдіріп жатыр. Зерттеу жұ­мысының ресурстарын жаңар­тып, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми жобалары мен бағдарламаларын гранттық қаржыландыруға ар­нал­ған байқауларға қатысып келеді.

Жақында жоғары оқу орын­дарының жас инноваторлары министр Саясат Нұрбекке ғылыми еңбектерін таныс­тыр­ды. Осы орайда Тілек Қуанышбеков «Су объек­ті­лерін тазартуға арналған ком­по­зициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясы» атты жобасын көрсетті. Жоба өзекті әлемдік проблема – тұщы судың сапасыздығын шешуге арналған. Жоба аясында биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картридж­ге құрастырылған графит окси­дімен модификацияланған, кө­мір­текті материалдар негізін­де сүзгіш композициялық сорбенттер өндірісін жолға қою, сонымен қатар университет база­сында корпустар жасау жос­парланған. Ғылыми жұмыс­тар­дың қорытынды өнімі ірі кәсіпорындарда және тұрғын үйлерде қолданылады деп жос­парланып отыр.

Ал ғалым, 30 жылдық жұ­мыс тәжірибесі бар агроном Алмасбек Мәуліт цифрлы аналогтік порталды таныс­тырды. Ғалымдар әзірлемесі муль­тиспектрлі камерасы бар ақылды дроннан тұрады. Ол егіс жұмыстарының уа­қы­тын, өнімділігін және ты­ңайт­қыштың қажетті көле­мін болжауға кө­мек­­теседі. Бұдан бөлек уни­верситет өнертапқыштары арам­шөп­термен күресте жасанды ин­теллектіні қолдануды жол­ға қойған. Құрылғы қа­шық­­тан түсіру кезінде камера ар­қылы өсімдіктердің әртүрлі түрін ажыратып, арам­шөп­тер шоғырын анықтай алады.

Ұлттық ғылыми зертхана базасында университеттің кіші ғылыми қызметкері Нариман Қайырбеков полиэтилен пакет­тері кесірінен бүкіл әлемде қоршаған ортаның ластануы проблемасын шешу жолында тынымсыз еңбектеніп жүр. «Табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын материалдарды әзірлеу» жобасы күнбағыс, рапс тұқымы мен дала өсімдіктерінің сабағынан жасалған биологиялық ыдырайтын полиэтилен пакеттер дайын­­дауды мақсат етеді. Ыды­рату үшін қолданғаннан кейін целлофан қалдықтарын суда ерітсе жеткілікті.

«Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» басым бағыты бо­йынша жоғары оқу орнында «Сутекті алуға, сақтауға және электр энергиясын өндіруге арналған инновациялық технологияларды, материалдар мен құрылғыларды әзірлеу және зерттеу» жобасы орындалып жатыр. Жобаның негізгі міндеті бойынша Ұлттық ядролық орталық сутегі элементін өнді­ру, сақтау және тасымалдау саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған зерттеу­лер жүргізеді. Университет алынған сутегі элементін кәдеге жарату арқылы электр энергия­сын алу үшін мембраналық электрод блогін жасаумен айналысады. Нәтижесінде, жасыл энергияға қол жеткізуді қамтамасыз ететін экологиялық қауіпсіз технологиялар тізбегін әзірлеу іске асырылады.

Университет ғалымдары өздерінің ғылыми жобала­ры­ның нәтижесінде мектептер, балабақшалар мен түзеу мекемелерінің білім беру орта­сына инклюзияны енгізіп жатыр. Ерекше білім беру қа­жеттілігіне мұқтаж балалары бар отбасыларға қолдау көр­сетіп келеді. «Ерекше бі­лім беру қажеттіліктері бар ба­лаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қол­дау жөніндегі құзы­реттер орталығы» ком­мер­ция­лан­ды­рылған жобасы авторлық әдістемелік құ­ралдарды, конструкторларды, психолог-де­фек­тологтің кәсіби үстелін, вер­тикализаторды, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парталарды және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және дамыту жөніндегі техникалық құралдарды әзір­леу­ді қамтиды.

Креативті ойлау және өнімді шығармашылық, еңбек және прагматизм қағидаты – Қазақ­станда өмір­ді шынайы қабылдауды қа­лыптастыратын заманауи қоғам құрудың бас­ты негіздері.

 

Мұхтар ТӨЛЕГЕН,

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті басқарма төрағасы-ректор, профессор, PhD