Аймақтар • 11 Қаңтар, 2024

Төр Алтайдағы қуаныш

201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жиырма жеті жылдан кейін аудан орталығы қара шаңырағына, Катонқарағайға қайтып, тұрғындар алақайлап той жасады. Қуанышқа ортақтасып, ақ боран, көктайғақта алыс-жақыннан шекара шебіндегі ауданға қонақтар келді. Орталық алаңға жиналған жұрт арқа-жарқа, мәре-сәре.

Төр Алтайдағы қуаныш

Суретті түсірген – Тілеубек Шаяхмет

1997 жылдың наурызында аудан орталығы Үлкен Нарынға көшіріліп, катонқарағайлықтар жұртта қалғандай күй кешкен. Содан-ақ тұрғындар қала маңына шілдің тезегіндей шашырап, шекара шебі жалаңаштана бастаған. Қақпаларда «үй сатылады» деген хабарландырулардың күрт көбейгенін көзіміз көрген. Әуелде ел үйін сатып көшсе, кейіндері есік-терезелерін тарс жауып, үлкен қалаларды бетке алатынды шығарды. Тіршілігі құж-құж қайнап жатқан Катонқарағайдағы көпқабатты үйдің барлығы дерлік бос қалған. Түк­пір­дегі ауылдағы ел тілдей қағаз үшін жүз­деген шақырымды басып өтіп, Үлкен Нарынға сабылды. Орталықтың алыс­тап кетуі алты-жеті ай қар астында жатқан ауылдықтар үшін тіптен қиынға соққан. Ұлттық парк құрылып, ағаш алу да үлкен мәселеге айналды. Көмір бағасы болса, түу түкпірге жеткенше еселене береді. Катонқарағай тұрғындарының тұрмыс тауқыметін айта берсек, таң атып, кеш батады. Қысқасы, осы уақыт ішінде халық саны екі есеге азайып, қарт Алтайдың қабағы кешегі күнге дейін ашылмаған. Кеше ғой, ақ түйенің қарны жарылды. Астанадан ақжолтай хабар жетіп, көпшіліктің көзі­нен қуаныштың көз жасы ыршып-ыршып түс­кен. Халық еліміз Тәуелсіздік алғанда осылай қуан­ған шығар. Одан соң Катон жұртының қа­ғанағы қарық, сағанағы сарық бола қойған жоқ-ау.

6 қаңтар. Катонқарағай. Орталық алаң. Президенттің Жарлығы күшіне еніп қойған-ды. Алтайдың баурайына ақшаңқы киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді. Төрге сахна құрылды. Алтай аспанында әуезді әуен шырқалып тұр. Ауыл-ауылдан келген ел балпаң басып орталыққа қарай беттеді. Көңілді бәрі. Бір-біріне құтты болсын айтысып келеді. Әңгімеге тартсақ, ең әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірісті. Одан кейін аудан мәртебесін қай­таруға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.

– Алтай жұртының арманы орындалды. Халықтың мұңын естіген Мемлекет басшысына мың алғыс! Катонқарағай аудан болсын деп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей шапқылаған азаматтарға да үлкен рахмет айтамыз. Ендігі мәселе, ауданымызда шынайы бағдарламалар жасалып, жерімізге, елімізге шапағаты тисе деймін. Аудан үшін алмағайып сәтте береке-бірлік танытып, жұмыс істеуіміз керек, – дейді аудан тұрғыны Әділ Бердібек.

Бұл тілекті Өскемен мен Астанадан арнайы жеткен катонқарағайлық қалам­гер­лер Әлібек Асқаров пен Әлібек Қаң­тар­баев та қуаттап отыр. Әлбетте, жаңа құрылған ауданға жалынды жастар, ұлтжанды басшылар ауадай қажет.

Салтанатты іс-шара әуелі аудан ақса­қалы Жәнібек Қызырдың ақ батасымен басталып, ақжаулықты әжелер шашу шашты. Содан кейін барып басшылар сөз алған. Қайта түлеген ауданның аяқтан тұрып кетуі үшін аудан әкімі Ділдар Қалихан да күш салатынын айтты.

– Жаңа жылымыз жақсы жаңалықпен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Катонқарағай аудан орталығы болды. Тарихи сәт құтты болсын дейміз! Ендігі мақса­ты­мыз – сіз болып, біз болып, ауда­ны­­мыздың әл-ауқатын арттыру. Ка­тонқарағайдың әлеуеті өте зор аудан; мұнда ауыл шаруашылығымен қатар қарқынды дамып келе жатқан туризм саласы бар. Әрине, бір күнде болмаса да, екі жыл ішінде аудан болып, аяқтан тік тұрамыз деген ойдамын. Ол дегеніміз, ең әуелі инфрақұрылым; жол, ауыз су жарық тағысын тағы. Біз сіздермен әрқашан біргеміз. Ауданды дамыту мақсатындағы ой-пікірлеріңіз, тың идеяларыңыз болса, әрқашан тыңдауға, қолдауға әзірміз. Бүгінгі дүбірлі той сіздер үшін! Тағы да құтты болсын! – деді аудан басшысы Ділдар Қалихан.

«Әкім біреу, қалғанымыз тіреу бо­ла­йық» деп, құтты болсын айтып келген Мәжіліс депутаттары Ерлан Саиров пен Лұқбек Тумашинов те жүрекжарды лебіздерін білдірді. Иә, жоғарыда айтқандай, ауданның күш алып кетуі үшін шаңыраққа қадалған уықтардай жан-жақтан жұмыла кірісу қажет. Тарихи әрі жауапты кезең.

Ақжарма тілектерден соң арнайы шақырылған әншілер Өктем Алтай мен Тоқтар Серіков әннен шашу шашты. Алаңға жиналған аудан тұрғындары әуелеген әнге би билесті. Ақшаңқан киіз үй іштеріндегі ақ дастарқаннан әркім дәм татты. Одан бөлек, далада көтерілген қазанға басылған палау мен самауыр шайы тегін үлестірілді. Қайта құрылған ауданның дәл осындай берекесі мен мерекесі мәңгі тар­қа­масын.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы