Қоғам • 11 Қаңтар, 2024

Заңсыз берілген 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігі заңсыз берілген әрі бос жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылғанын мәлім етті. Оның 2,8 млн гектары жергілікті фермерлерге, өңірлердің тұрғындарына қайта бөлінген. Бұдан бөлек, осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гектар жерді иелері игеруге кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Заңсыз берілген 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Фото: didarbek.kz

Мемлекет басшысы өз Жолдауында заңсыз үлестірілген және пайдаланылмай бос жатқан 10 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Үкімет бұл тапсырманы 2022-2023 жылдары толық орындады. Ауыл шаруашылығы министрлігі елдің стратегиялық ресурсын ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттер кешенін іске асыруды жалғастырып келеді. Ал негізгілерінің бірі – ауылдық округтердегі елді мекендердің айналасындағы жайылым тапшылығын азайту.

2023 жылы Интерактивті карта жаңартылды (Jerkarta.gharysh.kz), онда қазір барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан жері мен ауданы көрсетілген. Сондай-ақ жайылымдық жерлерде тапшылыққа ұшыраған аумақтардың орналасқан жері туралы деректерді интерактивті картаға енгізу жұмыстары аяқталды. Бұл қайтарылған жер учаскелерін ескере отырып, қажет болған жайылымға жер беру үшін аймақтың бүкіл бейнесін анық көруге мүмкіндік береді. 

Қызметті қағазсыз көрсету және жер учаскелерін беру рәсімін автоматтандыру үшін арнайы жүйе іске қосылды. Ақпараттық жүйе ашық түрде жұмыс істейді, пайдаланушыларға жария кадастрлық картада жергілікті атқарушы органдарға оған құқық беру туралы өтініш беру үшін учаскені таңдауға мүмкіндік береді. Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жер учаскелерін берудің электрондық тәртібі заңнамалық түрде енгізілді. Цифрлық ауыл шаруашылығы карталары жасалып жатыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн га ауыл шаруашылығы жерлері цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының 77% құрайды. Ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру 2025 жылы толығымен аяқталады.

Жерді сапалы және ұтымды пайдалануды арнайы құрылған мемлекеттік институт – «ГИПРОЗЕМ» РМК қадағалайды. Кәсіпорын экономикалық бағалау, жер мониторингі, топырақ, геоботаникалық, топыраққа агрохимиялық зерттеулер жүргізбек. Барлық ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру аяқталғаннан кейін топырақтың сапалық сипаттамалары мен жайылымдық жерлердің жем-шөп сыйымдылығы бар жеке ашық электрондық карта құрылады.