Таным • 11 Қаңтар, 2024

Шүкіршілік

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниеде бар жаратылыс мүлдем жоғалып кетпей, тірі пен­демісің, жан-жануар, құрт-құмырсқа болсаң болды, уақы­тың келгенде өліп барып қайта тірілетініңе шүкіршілік.

Шүкіршілік

Бір заманда мен де пенде болып жаратылғанмын. Қауым болып қауымдасып тірлік ете­тінбіз... Білетінім – тас дәуірі артта қалып, «айналайын темірден алғашқы құрал-сайман сайлап, біз аңнан емес, аң атаулы бізден қашып-пысып жүретін заман болатын.

Ол дәуірге де шүкіршілік. Бұйырған жасты жасап, арман-мақсат қойып өмір сү­ретіндей кезең болмаса да, жарық дүние сый­лаған Жаратушыға риза кейіп­пен дәм-тұз біткен күні жаз­мышқа мойын ұсынғанбыз.

Енді, міне, Алла жар болып, «кезегім келіп», тағы да жа­рық дүниеге келуімнің орайы ке­ліп­ті... Пенде емеспін бе, жараты­латыным анық, не де болса деп Жаратушыға алдағы ғұмырда «өйте көріңіз, бүйте көріңіз» деп жалбарынып бақтым.

Сондағым, алдымен ғұмыр жасты ұзарта көріңізші дедім. Содан соң, тамақ атаулыны тал­ғамай-ақ бұйыртыңыз, құрт-құмырсқа, шөп-шаламға дейін­гілер менің үлесімде болса дедім. Тағы да жаурап қалтырамайын, негізі – жауым жоққа жуық болып, аш көздердің қанша қар­мағына ілінсем де оларға нәпақа болудан сақтаса деп тіледім. Жүре де білсем, қажет болғанда қауіп-қатерден құтылып кетердей қанат бұйырса, артық етпес деп тәубеге келдім...

Жалбарынғанымды жаратушы қабыл алып... пәлекеттікі, қарға болып жаратыла қалмасым бар ма?! Кінә өзімнен! Алдымен адам ете гөр демеген өзім... Адам болмағаныма өкінгенмен, ал өтініш-тілегімді қабыл еткен жа­ратушыға айтарым жоқ... Тағам талғамаймын. Мұндағылар: «Қарға айтыпты – боқ жаман емес, жоқ жаман» дейтін кө­рінеді. Тәубе, жейтінім алдымда, жемей кергитінім онан да көп... Мұндағылардың: «Қарға қаңқылдап кетті, күн суытып қар түсетін шығар» дейтіні бекер емес... Көбіне қалғып-мүлгіп тал-теректе отырамын. Керек кезде төменге түсіп талтаңдап жү­­ріп кеп те беремін. Қауіп-қа­тер аз, етім «арам қатқыр» дә­ре­­жесінде болғандықтан, ана әді­рем қатқыр мысық болмаса, мені еріккендер де ермек ете қой­майды. Ойхой, қанат бітіргені қандай ғажап!.. Қауіп-қатерді қапы қалдырады... Бағытым Балқан тау болса да бара аламын... Ең ғажабы, ғұмырымның ұзақ­тығы... Үш жүз жылдай жасайды екенмін!..

Ал айналама көз салсам... Пенде, яғни адам етіп жарат­пағанына тәубе! Кей-кей тірлігіне өрем жете бермес, ал олардың құлқын үшін таң азаннан кеш батқанға дейінгі тепең-тепең тірлігін көріп түңілемін. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды». Ал пендең біздің кезіміздегі адамдардай емес, тірлік үшін бірін-бірі өлтіруден тайынбайды. Көбі аш-құрсақ, тағам үшін атыс-шабыс, қылмыс... Қит еткен қылмыс үшін қамалып темір торда оты­расың... Табиғатты бітірген. Тау-тасты қопарып, өзен-көлді лайлап, түтінмен тұмшаланып алған... Ері қайсы, әйелі қайсы біліп болмайсың. Бір-екі баламен бітеліп, күн өткен сайын тұ­қымы құрып құрдымға кетіп жатқан елді мекен... Қайсыбірін айтайын, осындай-осындай оспадарлығына бола аз күнде топан су қаптап тіршілік атаулы тып-типыл болатын көрінеді... Өз басым ондай бола қалғанда, айналайын қанатымның арқасында қалықтап ұшып жан сақтар алып шыңның төбесінен табылармын.

Айтарым, мына замандағы адамның көргенін пенде басына бермесін... Адам етпей, қарға етіп жаратқан жаратушыма құлдық!..

 

Берік САДЫР