Аймақтар • 11 Қаңтар, 2024

Қонаев қаласы көркейіп келеді

365 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласының атауы ресми түрде Қонаев болып өзгертіліп, Алаш жұртын қуанышқа кенелткелі екінші жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында есімі төрткүл дүниеге мәлім аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы қаланың бет-бейнесі жаңаша сипатқа ие болып, инфрақұрылымы қарқын алып келеді.

Қонаев қаласы көркейіп келеді

«Қапшағайдың бой көтеруіне Димаш Ахметұлының сіңірген еңбегі ерен. Есімі беріл­ге­лі қала күн өткен сайын жаңарып жатыр. Келешекте қаланың іргесі кеңейіп, іргелі оқу орындарының ашылғанын, ғаламат нысандардың бой көтергенін көрсек деген тілегіміз бар», дейді Қонаев қаласының тұр­ғыны, зейнеткер Жақан Ақаев.

Күн өткен сайын ажары айшықтала бас­таған Қонаев қаласы қазіргі таңда 4 бағыт – тұрғын үй, абаттандыру, көгал­дан­ды­ру, туризм және ауыл шаруашылығы бойынша дамып келеді. Қалада 1 300 гектар аумақты құрайтын өндіріс ошағы бар болғандықтан, бұл салаға айрықша мән беріліп отыр.

Қала әкімі Нұрлан Құматаевтың мә­лім­деуінше, Қонаев қаласында қо­сал­қы станса салу жоспарланған. Егер индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар жоспарға сай жүзеге асса, 40 мың жұмыс орны ашылады.

Қалада туризм саласын дамытуға ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Былтыр осы бағытта қызмет көрсететін 130-ға жуық нысанға 1,2 млн-нан аса демалушы келген. Жыл сайын туризм саласына келетін инвестиция көлемі еселей түсуде. Соған сай қала көріктеніп, жағажайлар заманауи үлгіде жасақталып, жабдықталып жатыр. Қапшағай су қоймасының 5,1 шақырым жағажайы толығымен абаттандырылып, тірек қабырға салу жоспарланған.

Бүгінде қаланың күретамырына ай­нал­ған С.Сейфуллин көшесін төрт жо­лақ­қа кеңейту құрылыстары аяқталуға таяу. Жалпы ұзын­ды­ғы 5,2 шақырымды құрайтын көшенің құ­рылыс жұмысына 3,4 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар қаланың бас жоспарына сәйкес, Абай көшесі арқылы «Арна» және 10-шағын ауданды жалғастыратын жол салынса, қаладағы көлік қозғалысы реттеліп, тынысы ашыла түсері сөзсіз.

Жаңаша сипатқа ие қалаға кіреберіс айнал­ма жолда «Қонаев» деген жазуы бар әріптер композициясы түріндегі монументтің бірден көз тартары анық. Сондай-ақ осы монументтің қасына Алматы облысының рәмізі ретінде тегіс болаттан құйылған «Қар барысының» мүсіні бой көтерген.

Елі үшін ерен еңбек етіп, тер төккен Дінмұхамед Ахметұлының Алатаудай асқақ бейнесі сомдалған еңселі ескерткіші қайта қалпына келтірілсе, 5-шағын аудан­­дағы көпқабатты үйдің қасбетіне ұлы тұл­ғаның мұралы салынып, қала тұр­ғын­дарының көз­қуа­нышына айналған.

Заманының заңғары Д.Қонаевтың 112 жылдығына орай облыстың білім ошақ­та­рын­да «Қонаев – ғасыр адамы» атты ашық сабақтар мен сынып сағаттары өткізіліп, өнер­лі балалардың қатысуымен түрлі бай­қау­лар ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ ерлер командалары арасында шағын футболдан турнир өткізу жоспар­лан­ған.

12 қаңтар – Д.Қонаевтың туған кү­нін­де ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етіп, құрмет көрсету айнымас дәстүрге айналған. Осы күні «Тағылымы терең тұлға» атты көрме ұйымдастырылып, іс-шара соңы «Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері» атты музыкалық кешпен қорытынды­­ланады.

 

Алматы облысы