Бірқатар заң мақұлданды
Ел Президентінің тиісті ұсынуын қарау нәтижесінде Ербол Исмаилов, Ақылтай Қасымов, Альфия Савинова және Айгүл Сапарова Жоғарғы соттың судьясы қызметінен босатылды. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.
Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.
Осыған дейін айтылғандай, аталған құжат Азаматтық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің күшін сақтандыру төлемдерін өтеу үшін де, ЭКА жүзеге асыратын кепілдік берілген төлемдерді өтеу үшін де қолдау ұсынылады. Заң нормалары агенттіктің қызметін лицензиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ұлттық даму институтының функциялары бірқатар бағыт бойынша шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелерімен толықтырылады.
«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт екені сөзсіз. Сондықтан бүгін мақұлданған заңда отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзделіп отыр. Осыған байланысты экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді. Заң аясында, жаңа құрылымның жұмысына қажетті барлық құқықтық және өзге де құзыреттер қарастырылған. Мақұлданған заң осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Бұл заң құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға арналған.
Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа ЕАЭО кедендік шекарасындағы мемлекеттік бақылау, арнайы қорғаныш демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, техникалық реттеу, бәсекелестік, табиғи монополиялар, еңбек көші-қоны, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, көлік және салық салу мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Халықтың мәдениеті неге төмен?
Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Мәселен, сенатор Нұртөре Жүсіп біздің қоғам үлгілі тәрбие мен ұлттық мінезді ұмытпай, адамгершілікті әспеттеп, рухани құндылықтарды қастерлеуге ұмтылуы керек деп есептейді. Депутат Премьер-министр атына жолдаған сауалында халықтың мәдени деңгейіне қатысты мәселелерді көтерді.
«Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп жағамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта жайпап кеткендерді де көрдік. Осы бейнежазбалар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміз, жеткен жеріміз осы ма?», деді сенатор. Ол мемлекет тарапынан халықтың мәдени деңгейін көтеруге, таным-түсінікті кеңейтуге бағытталған біраз жұмыс жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Атқарылған жұмыстардың бәрінің түпкі мақсаты – елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздейді. Дегенмен депутаттың пікірінше, осының бәрі жеткіліксіз.
«Президент «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек. 20 миллион адам тұратын Қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды», деді сенатор. Ол депутаттық сауалда айтылған проблеманы шешуді көздейтін Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуді ұсынды.
Тарихты бұрмалау – елге қиянат
Сенатор Дархан Қыдырәлі мектепке арналған «Қазақстан тарихы» оқулығын жаңа көптомдық негізінде жазуды ұсынды. Өз халқының тарихын білмеу – қасірет. Алайда одан өткен қасірет бар, ол – тарихты жаңылыс білу. Бұл кезде халық өз тарихын бұрмаланған түсініктен қате танымда қалыптастыра бастайды. Д.Қыдырәлі депутаттық сауалында осындай пікір білдірді. Депутаттың пайымынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отыр.
Д.Қыдырәлі Мемлекет басшысы таяуда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осы айтулы датаны еске салғанын атап өтті. Президент осыған орай мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін айтулы датаға орай ауқымды зерттеулер жүргізу маңызды екенін атап өтті. Сенатор осыған дейін халықаралық Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырғанын, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізгеніне назар аударды. Сенатор биыл аяқталатын Қазақстан тарихы бойынша көптомдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деген үмітін білдірді.
«Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуға тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен, 6-7-сыныпқа арналған оқулықта Моғолстан мемлекетіне 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі», деді сенатор.
Сенатор еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныс жасады. «Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпелілер ойыны – Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды», деді сенатор.
Шаруалар мемлекеттен көмек күтеді
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев өзінің депутаттық сауалында Алматы мен Жетісу облыстарында фермерлерді қаржы шығынына ұшыратып жатқан мәселелер туралы мәлімдеді. Жақында өңірге барған сапары барысында аталған өңірлердегі шаруалардан ауыл шаруашылығындағы проблемалар туралы көптеген мәлімет алған болатын. Оның ішінде өнімдерді өткізу мәселелері, қойма ғимараттарының тапшылығы да бар. Осы мәселелер жүгері өсірушілерге қатты сезіліп отыр.
«Өткен жыл Алматы мен Жетісу облыстарындағы шаруаларға өте қолайсыз болды. Ауа райының қолайсыздығынан егістік алқабында жүздеген гектар егін жиналмады. Сонымен қатар жүгері құнының өсіп келіп, былтыр екі есе күрт түсуі шаруалардың онсыз да оңай емес жағдайларын қиындатты. Көптеген шаруалардың 2024 жылғы егіс науқанына сапалы дайындықты айтпағанда, ағымдағы міндеттемелерді төлеуге мүмкіндіктері жоқ», деді депутат.
Депутат проблемаларды шешу үшін мемлекет белгілі бір қадамдар жасап жатқанын, бірақ оның жеткіліксіз екенін атап өтті. Сенатордың пікірінше, жүгеріні терең өңдеу және өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейту, фермерлердің тыңайтқыштар мен тұқымдарға жұмсайтын шығыстарына субсидия түрлерін оңайлату, сондай-ақ дайын өнімнің килограмына емес, жүгері егілген гектарға байланысты субсидия төлеу мәселелерін қарастыру маңызды.
«Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, өзге де ғылыми-зерттеу институттары осы мәселені реттеуге бағытталған еліміздегі және бүкіл әлемдегі ауылшаруашылық өнімдері нарығындағы сұраныс пен ұсыныстардың жағдайын айқындап, тұтыну көлемін және нарықтың негізгі көрсеткіштерін есептеп, ауа райының жаһандық өзгеруіне және басқа да факторларды ескере отырып, ең бастысы, ауылшаруашылық өндірушілерімізді шығындардан шектеу мақсатында өздерінің ұсыныстарын әзірлеу керек», деді сенатор.
Сондай-ақ отырыс барысында сенатор Ақмарал Әлназарова халықты емханаларға бекіту және тіркеуден шығару тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Сенатордың пікірінше, жүйедегі олқылықтарға байланысты миллиондаған азамат сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек алу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Андрей Лукин коммуналдық қызметтердің кәсіпкерлерге жылу энергиясын қосалқы тұтыну ретінде төлеу туралы заңсыз талаптарына назар аударды. Осыған орай депутат еліміздің кейбір облыстарында болған нақты жағдайларды мысалға келтірді.
Ал сенатор Жанна Асанова отандық фармакологиялық компанияларды алаңдатып отырған проблемаларды көтеріп, оларды шешу бойынша бірқатар шара ұсынды. Оның қатарында бағаларды жыл сайынғы міндетті тіркеуді немесе бұрыннан тіркелген бағаларды қайта тіркеуді алып тастау мәселесі де бар. Сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысын газдандыру мәселелеріне Үкіметтің назарын аударып, оны шешу жолдарын ұсынды.