Аймақтар • 12 Қаңтар, 2024

Түркістан облысында «Базардағы кітапхана» жобасы іске асырыла бастады

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының пункті ашылды. Қаладағы ең үлкен сауда орталығында 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Кітапхана бөлімі бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, яғни айына орта есеппен 1500 адам қамтиды деп жоспарланып отыр. Мұндай тың жоба аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғасын таппақ.

Түркістан облысында «Базардағы кітапхана» жобасы іске асырыла бастады

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кітапхананың ашылуына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты. «Халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» идеясы туындап, бүгін іске асырыла бастады. Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді», деді облыс әкімінің орынбасары.

Базардағы кітапханада түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және жігер беретін әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Бұл туындылар кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып қана қоймай, жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік бермек. Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұрақты түрде жаңартылып отырады. Арнайы қатарлар немесе шкафтар орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сыйға қалдырады немесе басқа кітаптармен алмастырып оқи алады. Сонымен бірге азаматтарға мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттер, балаларға арналған кітаптар ұсынылады.

Өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысады. Жоба аясында аудан, қалалардағы үлкен сауда орталықтарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады.