Қоғам • 14 Қаңтар, 2024

Талдау мектебінің үшінші кезеңі

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада Талдау мектебінде оқудың үшінші кезеңі басталды. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бұл бас­тамасына Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдау білдіріп, тәжірибесімен бөлісті. Қоғамдық жоба барысында қатысушыларға еліміздің және шетелдік белгілі сарапшылар да дәріс оқиды.

Талдау мектебінің үшінші кезеңі

Мектептің үшінші кезеңіне қаты­су­шылармен кездескен Сенат спикері бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас мамандардың аналитикалық қабілетін жетілдіруді көздейтінін атап өтті. Жаңа кезеңдегі оқыту бағдарламасы Қазақстанның орнықты дамуы тақырыбына арналып отыр.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз ісіне шебер кәсіби маман­дар­­дың жаңа шоғырын қалыптас­тыру­ға үнемі баса мән беріп келеді. Осыған орай біз «Талдау мектебі» жобасы арқылы аталған стратегиялық міндет­ті іске асыруға өз үлесімізді қосу­ды ұйғардық. Қазіргі таңда еліміз­де аналитикалық қабілеті жоға­ры, білікті мамандар даярлайтын арнайы жүйе жоқ. Көбіне бұл жұмыс жү­йе­­сіз жүргізіліп, тиісті деңгейде тиім­­ділігін көрсете алмай келеді. Сон­дықтан біз кәсіби сарапшыларды шақ­ы­рып, оларға жас әріптестерімен өз тә­жірибелерін бөлісуіне мүмкіндік бере­тін алаң құрдық», деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, үшінші кезеңге қатысуға ниет білдірген 400-ден астам өтінім келіп түсті. Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау нәтижесінде 60 адамды іріктеп алды. Олар – анали­тикалық құрылымдарда, мемле­кеттік басқару жүйесінде, ұлттық компания­ларда, ғылыми-зерттеу институттарында және басқа да салаларда тәжірибесі бар, сондай-ақ кейбірі PhD дәрежесіне ие мамандар.

Сенат төрағасының дәрісі «Мем­лекеттік басқарудағы орнықты даму­ды көздейтін аналитика» тақы­рыбына арналды. Спикер өз сөзінде бүгінде мемлекеттік, діни, саяси сияқты түрлі институттардың ықпалы мен беделінің төмендеу үрдісіне назар аударды. Мәулен Әшімбаев оның орнына бүкіл әлемде популистік қозғалыстардың ықпалы артып, олар көбіне күн тәртібін қалыптастыратын негізгі факторларға айналғанын да атап өтті. Осындай жағдайда, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде дұрыс шешім қабылдау үшін аналитикалық зерттеулердің маңызы зор екені анық.

«Қазіргі экономикалық және саяси үдерістердің жалпы қай бағытта өрбіп жатқанын, оның астарын түсіну аса маңызды. Әлемнің жарқын болашағы көбіне халықаралық қауіпсіздік және жаһандық мәселелерді ұжымдасып шешудің жаңа салиқалы жүйесін қалып­тастырумен байланысты. Осы­лай­ша, біз белгісіздік белең алған, ай­қын бағдары жоқ, алдағы оқиғалар мен олардың салдары құбылмалы әлем­де өмір сүріп жатырмыз. Бәрі тез өзге­ре­тін мұндай әлемде ескі тәсілдер мен үл­гілер бойынша әрекет етудің кел­е­шегі жоқ және ол мүмкін де емес. Сон­дықтан қазір аналитикалық дағ­ды­лар, сыни ойлау, болып жатқан оқи­ға­ларға жүйелі және байсалды көз­қа­расы бар мамандар сұранысқа ие», де­ген Мәулен Әшімбаев зерттеулер жүр­гізу, талдау қабілетін жетілдіру бо­йын­ша өз тәжірибесіндегі кейстермен бөлісті.

Сонымен қатар Палата төрағасы командамен тиімді және үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сондықтан қатысушылар Орнықты даму мақсаттары бойынша бірлескен жобалар дайындау үшін топтарға бөлінді. Олардың әрқайсысына салалық сарапшылар, мемлекет­тік құрылымдардың, ғылыми және халықаралық ұйымдардың өкілдері ментор ретінде бекітілді.

Оқудың алғашқы күні «Курсив» басы­лымының және «Qalam» муль­тимедиялық жобасының бас дирек­торы Эльмар Муртазаев пен «Eurasian Center for People Management» бас ди­ректоры, дағдарыс және страте­гиялық коммуникациялар мәселелері жөніндегі сарапшы Ербол Исмаилов дәріс оқыды.

Алдағы сегіз апталық оқу бары­сын­да ММУ профессоры Ната­лья Зубаревичтің, Ли Куан Ю мемле­кеттік саясат мектебінің профессоры Яакоб Ибрагимнің және «Пиши, сок­ра­щай» кітабының авторы Мак­сим Ильяховтың дәрістері де жоспарланған.

Сондай-ақ тарихшы, белгілі саясаттанушы және шығыстанушы Сұлтан Әкімбеков, Қазақстан Прези­денті­нің ішкі саясат мәселелері және ком­муникациялар жөніндегі көмек­шісі Руслан Желдібай, Стратегия­лық жос­парлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов тағы басқа спикерлер дәріс оқиды.