Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

Ұлттық идеологияны ұйыстыру жолдары айтылды

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan»  газетінде жарияланған сұхбатында  («Озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек», 3 қаңтар 2024 жыл) айтылған жайтты талқылаған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық идеологияны ұйыстыру жолдары айтылды

Фото: Ерлан Омар

«Озық ойлы ұлт: мәні мен міндеті» деген тақырыпта өрбіген  басқосуға  философия ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бөрібаев,  тарихшы, Мәжіліс депутаты  Еркін Әбіл, күйші, композитор Жанғали Жүзбай, журналист Оңайгүл Тұржан,  қатысып, елдік мұрат-мүдде жолындағы шешілуі тиіс мәселе туралы соқталы пікір айтты.

«Бүгінгі  күнде озық ойлы ұлтты қалыптастырамыз десек,  мәдениеттің дамуын тереңдетіп,  тіл мәселесін оңтайлы шешіп,  ділімізді, салт-дәстүрімізді дамытуымыз қажет», деді  Төлеуғали Бөрібаев.

басына

Мәжіліс депутаты  Еркін Әбіл озық ойлы ұлт ұғымын бағамдау мақсатында алға жылжуға басымдық беру керектігін айтты.

«Біз ұлт ретінде ұйыстыра алатынымыз тек қоғамдық сана. Тарихи санамен екшегенде біз өткенімізге қараймыз, сабақ аламыз. Алға бағыт түзеп, келешектің бейнесін бағдарлауда кенже қалып келеміз. Тарихыңды безбендеу әрине керек, бірақ өткеніңе жиі оралып шырлай бергеннен гөрі болашақта қандай елге айналамыз деген мәселеге көбірек бас қатыру керек», деді Е.Әбіл.

ортасына

Биыл елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Журналист Оңайгүл Тұржан Мемлекет басшысы сұхбатында арнайы қайырылған  Көшпенділер ойындары ұлттық идеологияны насихаттаудың бірден бір мүмкіндігі екенін тілге тиек етті.

«Спорттық ойындарды өткізу тек бәйге таратып беру деп түсіну қате. Бұл ойын Президент айтқандай айтулы оқиға болғандықтан да ұлттық бірегейлігімізді паш ететін мүмкіндік  те.  Рухымызды  жігерлендіретін, елдігімізді айқындайтын шара екенін баса айтқым келеді», деді  журналист.

Оңайгүл Тұржанның  пікірін құптаған Жанғали Жүзбаев та  дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық  құндылығымызды дәріптеуге күш салу қажеттігін жеткізді. Ұлттық музыкамызды да көшпенділер ойындарында насихаттау керек екенін айтты.  Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан мешітінің» найб-имамы   Жұманазар Өсерханұлы  дәстүр мен дін бөлшектенбейтін бірегей ұғым  болғандықтан да  озық ойлы ұлтты қалыптастыруда діннің де орны зор екенін атап өтті.  Қаржы министрлігі  бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор, қаржы  секторлары мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл  департаментінің директоры   Айбол Арынғазиев Қ.Тоқаев  сұхбатында  қоғамға айтылуы тиіс ақиқатты бүкпесіз жеткізгенін айтты. Ұлттың сапасы көтерілгенімен де әлі де бағдарымызды айқындау маңызды екенін ұсынды.      

Дөңгелек үстелді тарихшы, алаштанушы академик  Дихан Қамзабекұлы жүргізді.