Қоғам • 15 Қаңтар, 2024

ҰБТ-ның неше күнге жалғасатыны белгілі болды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың қаңтар айында өтетін ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін жалғасады. 136 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Олардың 76,3%-ы қазақ тілінде, 23,6%-ы орыс тілінде, 126 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

ҰБТ-ның неше күнге жалғасатыны белгілі болды

Фото: Хабар 24

«Талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бейіндік пәндер комбинациясы өзгерді. Талапкерлердің 18%-ы «Биология-Химия», 17%-ы «Математика-Физика»,  12%-ы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтсек, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді» екені жазылған ақпаратта.

Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады.