Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс талабына сай егер адам мас күйде көлік басқарса, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі жоқ адам мас күйде көлік айдап ұсталса ше? Онда бұл адам 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға ғана алынады. Жүргізуші куәлігі жоқ болғандықтан, оған басқа жаза қарастырылмаған.
Судьяның айтуынша, жуырда мас күйде көлік айдап, әкімшілік жауапкершілікке тартылған бір азамат Конституциялық сотқа жүгініпті. Себеп – заңда азаматтар теңдігінің конституциялық қағидасы бұзылып тұр. Яғни ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Ал жүргізуші куәлігі жоқ адам осылай ұсталса, бар болғаны 30 тәулікке дейін қамауда отырып шығады да, сосын емтихан тапсырып, куәлік алуға мүмкіндігі бар. Сонымен бірге Конституциялық сотқа жүгінген азамат жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі тым ұзақ екенін айтып, ол азаматтардың қызмет пен кәсіп түрін таңдау құқығын бұзады деп есептейтінін жеткізген.
«Конституциялық сот көлік құралын басқаратын адамдарға халықаралық актілермен және ұлттық заңнамамен бекітілген талаптардың маңызды екенін, атап айтқанда, жүргізуші қандай жағдайда да өзінің көлік құралын бақылауда ұстауы керектігін ескертті. Мас күйде болу жүргізушінің өз-өзін ұстау жағдайына қатты ықпал етеді және азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Конституциялық сот жол-көлік оқиғаларында, оның ішінде мас жүргізушілердің кесірінен болған апаттарда қанша адамның қаза тауып, жарақат алғаны туралы статистиканы келтірді», дейді Р.Подопригора.
Ол шын мәнінде көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқаратын адамдарға қатысты проблема бар екенін айтады (дегенмен бұл жағдай Конституциялық сотқа жүгініп отырған адамға тікелей қатысты мәселе емес). Судьяның сөзінше, тәжірибе көрсетіп отырғандай, көлікті мас күйде айдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту ол адамдардың кейін жүргізуші куәлігін алуына кедергі келтірмейді. Сондай-ақ олар 7 жыл бойына күтіп жүрмейді. Бұл, әрине, жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті мас күйде айдағаны үшін берілетін жаза жүргізуші куәлігі бар адамдардың жазасынан жеңілірек екенін аңғартып тұрғаны рас. «Сондықтан осындай жағдайдың алдын алу мақсатында Конституциялық сот заңнамаға жол қозғалысы туралы жаңа жазаны қосуды ұсынады. Ол – көлік құралын басқару құқығын беретін куәлікті алу үшін емтихан тапсыру мүмкіндігін белгілі бір уақытқа шектеу», дейді ол.
«Конституциялық сот Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің көлік құралын мас күйде басқару үшін жауапкершілік көзделген түрлі баптары профилактикалық мақсатта бір-бірімен үйлесім табуы керек деп есептейді. Ал азамат айтып отырғандай, еңбек еркіндігі, кәсіп таңдауға қойылған шектеуге келсек, КС ол адамда басқа да қызмет түрлерімен (көлік басқарумен байланысты емес) айналысу мүмкіндігі бар екенін еске салады. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі өткен соң көлік құралын басқарумен байланысты қызметке қайтып келе алады. Нәтижесінде, шағым келтірілген заң нормасы Конституцияға сай деп танылды», дейді Р.Подопригора.