Ауырып ем іздегенде бірден антибиотиктердің көмегіне жүгіну әдетке айналған. Әсіресе, кішкентай балаларға дәрігердің тағайындауынсыз-ақ беретін болғанбыз. Бірақ оны жиі әрі шектен тыс пайдалану денсаулыққа өте қауіпті. Тіпті өлімге дейін апаратын жағдайлар бар. Әлемдік ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, антибиотиктерді қолдану жағдайларының үштен бір бөлігі қажетсіз әрі орынсыз болып шығады.
Дәрігерлер антибиотиктердің бактериялар тудыратын инфекцияларды емдегенімен, вирустардан туындаған инфекцияларды емдемейтінін айтады. Мысалы, суық тиіп, тұмауратып қалғанда, жөтелгенде, асқазан ауырғанда, коронавирус кезінде антибиотик ішудің еш қажеті жоқ. Емделушілер осыны ескермегендіктен, аурудың үстіне ауру жамап алады екен.
Ал отандық ғалым әзірлеген саумал негізінде жасалған метабиотик осындай ауыр дәрі-дәрмектер мен антибиотиктердің әсерінен зақымданған ішек микрофлораларын қалпына келтіреді.
– Кейде адам қатты қобалжыса да асқазаны аурып қалады, кейде сырттан тамақтанып, ас қорыта алмай қиналып жатады. Міне, осы кезде саумалдан жасалған метабиотикті ішсе, дереу ішек микрофлорасы түзеледі. Бұл дәрумен ас қорытуды реттеп, метаболизмді жақсартып, артық салмақтан арылтуға, әрі денсаулықты жақсартуға да себепші, – дейді С.Қожахметов.
Қазақ саумалды сусын ретінде ғана емес, емдік мақсатта да қолданғаны ежелден белгілі. Өйткені бие сүті дәрумендерге, микроэлементтерге, биологиялық белсенді заттарға аса бай. Отандық ғалым да осыны ескерген. Соның нәтижесінде дәстүрлі медицинада кеңінен қолданылып жүрген саумал енді ғылыми айналымға еніп, дәрумен ретінде әзірленіп отыр.
– Бие сүтін зерттей келе оның ішек микрофлорасына жағымды әсер ететінін білдік. Тез сіңіп, асқазан жұмысын жақсартады. Бабаларымыздың саумалды денсаулыққа пайдалы деп бекер айтпағанына көзіміз жетіп жатыр. Сондықтан дәруменнің емдік қасиетін арттыра түсу үшін метабиотикті саумал негізінде жасап шықтық. Онда антибиотиктердегі сияқты тірі бактериялар жоқ, метаболиттер бар. Адам тірі бактериялы дәрумен ішсе, ағза қабылдамай ауру асқынуы мүмкін. Ал мұнда жағымды метабиотик қана бар. Ол ішек микрофлорасын түзеп, қалпына келтіреді, – дейді ғалым.
С.Қожахметовтің айтуынша, клиникалық зерттеулер алдымен жануарларға жасалған. Оң нәтиже берген соң отандық өнім өндірілген бетте дәріханаларға жеткізіліп, сатылымға шығып та үлгерген. Бұл асқорытуға көмектесетін дәрумен болғандықтан, дәрі ретінде ешқандай қарсы көрсетілімдері мен зияны жоқ.