Ауыл • 15 Қаңтар, 2024

Ауылдағы оң өзгеріс

84 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу жұрты көптен күткен Ескелді ауданына қарасты Қай­нарлы және Сырымбет елді мекендерінде ауылдық әкім­дік ғимараты пайдалануға бе­рілді. Осындай игілікке тарихи том-том кітапқа жүк болар Қапал ауылдық округі де қол жеткізді. Ал Талдықорған қала­сында облыс әкімдігі жаны­нан құрылған Азаматтарды қабыл­дау орталығы ашылып, өз жұ­мысын бастады.

Ауылдағы оң өзгеріс

Ескелділіктер үшін екі әкімдік ғимаратын салынуына бар-жоғы екі ай ғана уақыт кеткен. Себебі нысандар блокты-модульдік жабдықпен қаланған. Әрбірінің құны 50 млн теңгені құрайтын қос нысанның құрылысын «Qaz Damu Construction» ЖШС жүргізген. Бұрын ауылдық мәдениет үйінің бір бөлігінде отыр­ған әкімдіктегілер енді су жаңа нысанда маңызды шаруалармен ай­налысады. Оның үстіне жаңа ғи­маратта шағын конференция залы да қарастырылған. Мұнда ауыл тұрғындарымен жиындар ұйымдас­тыруға қолайлы жағдай жасалған. Ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Елдос Ахметов қос ауыл­дың да тұрғындарын құттықтап, халық­тың тұрмыс сапасын арттыру ба­ғытындағы жұмыстарымен бөліс­ті. Биыл Қайнарлы ауылында фельд­шерлік-акушерлік пункт салынатынын айтып қуантты.

Сол күні Сырымбет ауылында спорттық нысанның да лентасы қиыл­ды. Жергілікті меценат ауылда қаңырап бос тұрған ескі амбулатория ғимаратын қайта жаңғыртып, ауыл балаларын спортқа бейімдейтін нысанға айналдырыпты. Ішіне заманауи жабдықтарды орналастырған қайырымды азамат өз қалтасынан 25 млн теңге қаржы жұмсаған. Күрде­лі жөндеуден өткен ғимарат ішіне жуы­на­тын жерді де орналастырған. Аудан әкімі кәсіпкердің арқасында ауылдан әлемдік ареналарда топ жа­ратын бокс майталмандары шыға­тынына сендірді. Себебі меценат алдағы уақытта осы спорттық нысан­да шыныққан спортшылардың алыс-жақын жерде өтетін додаларға бару-келу шығынын өз мойнына алып отыр. Сонымен қатар жергі­лік­ті әкімдік мамандарының сөзін­ше, кәсіпкер келер жылы нысан сыртын­дағы бос жатқан орынға футбол және волейбол алаңдарын салып бермек. Осылайша, ауылдағы 350 бала­ның уақыты бос өтпей, спортпен шұғыл­дануына жағдай жасалды.

Бұл ретте Жалғызағаш ауылының тұрғындары да сыйсыз қалмады. Ауыл­да су жаңа ветеринария пункті пайдалануға берілді. 15 жылдан бері басқа ғимараттан жалға алып келген ауылдың мал дәрігерлері енді заманауи ғимаратта уақыт талабына сай қондырғылармен жұмыс істемек. Себебі олардың жедел әрі тиімді жұмыс істеуі үшін 11 компьютер, 11 планшет, төрт түлікке салынған чипті сканерлейтін қондырғы және жаңа көлік берілді. Оның үстіне ғимаратта дәрі-дәрмек сақтайтын қойма да қарастырылған. Құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 11 млн теңге бөлінген. Оны да «Qaz Damu Construction» серіктестігі жүргізген. Айтпақшы, аудандағы мал дәрігерлеріне биыл бөлінген екі көліктің бірі Алдабергенов ауылын­дағы ветеринария пунктіне беріліпті.

Ақсу ауданына қосылып, бұрын­ғы кескін-келбетінен айырыла баста­ған Қапал ауылы бүгінде қайта жаң­ғы­­рып жатыр. Соның айғағындай Қапал ауылдық округінде жаңа әкім­дік ғимараты пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Берік Тынышбаев, ауыл ақ­са­қалдары, ауыл тұрғындары қатысты.

«Ауыл көркіне сән қосқан жаңа әкімдік ғимараты елді мекеннің бола­ша­ғын баянды, келешегін кемел етуге септігін тигізетініне сене­мін. Ауыз су жүйелеріне жөндеу жұмыс­тары жүргізілді. Алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған игі жұмыстар жалғасын табады деген ойдамын», деді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Сәбит Әбікенұлы.

Сапалы әкімдік ғимаратында мәжіліс залы, мамандарға арналған 6 жұмыс бөлмесі бар. Бұл нысан алдағы уақытта халық игілігі үшін қызмет көрсетеді. Жиын соңында ауыл қариялары елді мекенді еңсе­лендіруге үлес қосып, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.

Көпке мәлім «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биылғы жаздың ортасынан бас­тап Астана қаласында Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының және орталық мемлекеттік органдар­дың бірыңғай фронтофисі ретінде Үкімет аппаратының жанынан аза­маттарды қабылдау орталығы жұ­мыс істеп келеді. Осы ретте облыс орталығында Жетісу облысы әкім­дігінің жанынан құрыл­ған Аза­маттарды қабылдау орта­лы­ғы ашылып, халықты бір қуант­ты. Орталық тұрғындарға электрон­ды-цифрлық қолтаңбамен түрлі анық­тамалар бере алады. Өтініш­терді қабылдауды бірыңғай жүйе­лі консультациялауға, жеке қабыл­дау­лар мен тіркеу жүр­гізуге маманданған. Яғни орталық базада азаматтар кез келген уақытта мемлекеттік органға өтініш бере алады. Сондай-ақ атқарушы билік өкілдері өтініші келіп түскен азаматтармен кездесу өткізеді.

Осы орайда облыстық денсау­лық сақтау, білім беру, әлеумет­тік қорғау, жер қатынасы, ауыл ша­руашылығы және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық басқар­ма­лары, Талдықорған қаласы әкім­ді­гінің тұрғын үй қатынасы сияқ­ты мемлекеттік органдардан 19 қыз­меткер арнайы орталыққа жіберілді. Сонымен қатар алдағы уақытта орталықта жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды қабылдау шарасын өткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте өңірдегі 32 басшының қа­былдау кестесі толығымен бекітілді.

 

Жетісу облысы