Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Заманауи жаңа зауыт

168 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біздің елімізде поливинилхлорид (ПВХ) өндірісі жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен таяу жылдар ішінде бұл олқылықтың да орны толатындай. Өткен жылдың аяғына таман «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) Түркістан облысындағы жаңа бір инвестициялық жобаға қаржыландыру ашты. «Састөбе» инновациялық кешені» компаниясы іске асыратын бұл жобаға каустикалық сода, ПВХ және кальций карбидін өндіру жөніндегі ауқымды бағыттар топтастырылған.

Заманауи жаңа зауыт

ФОТО: dknews.kz

Жаңа бірегей өндіріс ішкі нарыққа отандық бизнесте сұранысқа ие дайын тауарлардың кең спектрін өндіруге шикізат береді.

Каустикалық сода әртүрлі өндіріс саласында тоқыма, химия, тамақ, мұнай және басқа да көп­те­ген салада қолданылады. Кір жуатын ұнтақтың, сусабындардың, жуғыш және тазартқыш заттардың көпшілігінде каустик бар, қағаз, вискоза, тамақ және алюминий тотығын өндіруде де қолданылады.

ПВХ синтетикалық материалдарға жатады. Ол медициналық өнімдерді (қан препараттары мен ішкі ағзаларды сақтауға және тасымалдауға арналған контейнерлер, катетерлер, дәрі тамызғыштар, қолғаптар, маскалар, таблеткаларға арналған қаптамалар) өнді­ру­де, автомобиль жасауда (тығыздағыштар, салонды жабдықтау элементтері, электриканы оқшаулау), құрылыста (ПВХ-дан жасалған сэндвич-панельдер, терезелерге арналған винил профильдер, кәріз құбырлары мен оқшаулағыш материалдар), қаптама ретінде (жұмсақ және қатты ыдыстарға арналған пленка, бөтелкелер, тіс пастасы мен кремдерге ар­налған түтіктер, ұялы телефон корпустары және олар­ға керек-жарақтар) қолданылады.

Жобаны Қазақстанның екінші деңгейдегі банкімен бірлесе отырып қаржыландыру аясында қолдау жос­парланып отыр. Оның жалпы құны – 153,88 млрд теңге, оның ішінде ҚДБ-ның қатысуы 64,46 млрд теңгені құрайды.

– Жобаның маңыздылығы қазіргі таңда Қазақстанда поливинилхлоридтің (ПВХ) өндірісінің болмауында жатыр, ал келешекте бой көтеретін кәсіпорын ішкі нарықтың осы өнімге деген қажеттілігін толығымен жабады. Сондай-ақ жоба каустикалық соданың ішкі нарығын ұлғайтуды қоса алғанда, жалпы, химия саласының дамуына серпін береді, – деп түсіндірді ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев.

Зауыт Түркістан облысының дамуы үшін маңыз­ды әлеуметтік-экономикалық әсер етеді. Оның құрылыс жұмыстары жүргізілетін кезеңінде 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ал өндіріс ошағы пай­далануға берілгеннен кейін отандық мамандар үшін жаңадан 346 жұмыс орны құрылады.

Жобалық қуатқа шыққан кезде кәсіпорын жылына 100 мың тоннаға дейін каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ және 180 мың тонна кальций карбидін өндіреді. Ішкі нарықты қамтудан басқа, ЕАЭО және Еуропалық одақ елдеріне, сондай-ақ Қытай мен Түркияға экспорт жоспарланған.

– ҚДБ тарапынан бөлінген инвестициялардың арқасында біздің елімізде әлеуметтік маңызы бар, қала құраушы және өңір мен бүкіл Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін жаңа жоба пайда болады. Осы жобаны іске асыру барысында жаңа жұмыс орындары ашылады, бюджетке жыл сайынғы салық төлемдері едәуір ұлғайып, оның мөлшері 10 млрд теңгеден астам соманы құрайтын болады, – деп атап өтті «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС директоры Болат Естемесов.