Әуелгі әңгімені Сарқан ауданынан бастасақ. Алмалы ауылының келіні, бірліктік Әсем Қалабаева өз кәсібінің нәтижесінде табысқа жеткен. Наубайхана жетекшісі Әсем Қалабаеваның негізгі мамандығы – сүт өнімдерінің технологі. Негізгі кәсібіне жұмыссыз кезінен кіріскен ол алдымен үйде отырып нан пісіре бастайды. Кейіннен тапсырыс көбейіп, наубайхана ашуды мақсат етеді. Бүгінде наубайхана нан өнімдерімен тек Сарқан ауданының ғана емес, көршілес Ақсу ауданының тұрғындарын да қамтып отыр. Ашылғанына 3 жыл болған шағын наубайханада 7 адам жұмыс істейді. 1 көлік жүргізуші және 6 наубайханашы бар. 6 адам кезекпен нан пісіреді.
«Кәсібімді ең алғаш 2 қап ұнмен бастадым. Бір қап ұннан шамамен 130 бөлке шығады. Сарқан ауданынан бөлек Ақсу ауданының Қаракемер, Қызылту, Қызылтаң, Сағабүйен, Қарашілік ауылдарын да нан түрлерімен қамтамасыз етіп отырмыз. Бізде нанның 5 түрі, тоқаш, жұқа нан, хотдог, лакомка сияқты түрлері де дайындалады. Наубайхана орналасқан үйді жалға алдық. Нан түрлерін әзірлейтін Нұржамал Даутова, Раушан Қасымбекова, Светлана Кизилова, Татьяна Михайлова, Марлан Марат, Максим Сывович өз ісінің шеберлеріне айналды. Жаздың аптабы мен қыстың қытымыр суығына қарамай ыстық нанды тұтынушыларға жеткізетін Ерденбек Ілиясов есімді жүргізушіміз де өз ісіне берілген», дейді Ә.Қалыбаева.
Әсем бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Ең алғаш тандыр нан пісіріп сатты. Қырғыздың тандыр нанын пісіріп, Сарқан мен Жансүгірдегі тұтынушыларға жеткізіп жүрді. Сол кезде үлкен наубайхана ашуды мақсат тұтты. Бірде нан таратудан қалтасында 16 мың қалған. Жалғызбасты ана 16 мыңға үйдегі 3 баласына тамақ немесе ұн аламын ба деген таңдау үстінде болғанын еске алды. Сол күні 16 мыңға 2 қап ұн алып, тәуекел деп кәсібін бастап кетті. Қазір тәулігіне 1 500 бөлке нан пісіреді. Содан ісі ілгері жылжыды. Осы кәсіптің нәтижесінде үйлі де болды, нан түрлерін таситын «Тойота Превия» автокөлігін де сатып алды. Өнім сапасы ұнға байланысты. Сол себепті оны арнайы Өскемен қаласынан алдырады. Тұтынушылардың талғамынан шығу мақсатында өнімнің санына емес, сапасына баса мән береді. Қасындағы Нұржамал мен Раушан әпкелері – кеңестік кезеңде осы салада еңбек еткен тәжірибелері мол жандар. Өзінің анасы сияқты ақыл-кеңестерін айтып, білмегенін үйретіп отырады. Наубайхананың көмегімен өзімен бірге 7 отбасының нәпақасын айырып отыр. Сондықтан Әсем Қалабаеваның бағындырар биігі, алатын асуы әлі де көбейе бермек.
Ал жаркенттік нанның жайы бөлек. Әсіресе пешке піскен тоқашы жоғары сұранысқа ие. Қай кезде де сырттан келген мейман еліне қайтарда тандыр нанын қоржынына толтыра алып кететінін байқап та жүрміз. Бүгінде тек Жаркент қаласының өзінде халыққа арнап нан пісіретін 20-дан аса наубайхана жұмыс істеп тұр.
Көкталдық Ербосын Жолтықов – Жаркент өңіріндегі өз өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкерлердің бірі. Ол бүгінде неміс технологиясымен жұмыс істейтін түрік пештері орнатылған наубайханада тәулік сайын 2 тоннадан астам ұннан 20-ға жуық нан өнімін пісіреді. Жаркент қаласымен қатар көршілес Ұйғыр, Кербұлақ аудандарының тұрғындарын ас атасымен қамтамасыз етіп отыр.
Кейінгі жылдары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» арқылы отандық өнімдерін Қытай нарығына да шығарып жүр. «Жолтықов» жеке кәсіпорны өндірген сапалы нан өнімдеріне тұтынушылар сұранысы жыл өткен сайын артқан. Бұған кәсіпорында еңбек ететін 22 еңбеккердің өз жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарап, өндірген өнімдерінің сапасын жоғарылататын технологияларды жетік меңгеруі негіз болған.
«Біздің наубайхана жұмысшылары екі кезекпен күн-түн демей еңбек етіп, тұтынушыға әр таңда пештен жаңа шыққан нан өнімдерін ұсынып келеді. Жұмыс барысында мамандарымыз барлық технологиялық талапты сақтай отырып, өнім сапасын түсіретін, тұтынушы талаптарына қайшы асығыс қарекеттерге жол бермейді. Кәсіпорын іске кіріскен алғашқы күннен бері бізбен бірге жұмыс істеп жүрген мамандарымыздың біліктілігі тұтынушылар алдындағы беделіміздің жоғарылап, біздің өнімдерге сұраныстың артуына көп ықпал етіп отыр», дейді кәсіпорын басшысы.
«Жолтықов» жеке кәсіпорынының наубайханасы 2007 жылдан бері халыққа нан өнімдерін пісіріп сата бастады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында ауылдасы Аблиз Суфияновпен бірігіп, жеке кәсіпкерлікті қолға алған Ербосын сол кезеңнің сұранысына қарай алдымен өз ауылы Көкталда, көршілес Кербұлақ ауданының Шоқан ауылына диірмен салып, жергілікті халықты ұнмен қамтамасыз еткен. Уақыт өте келе, еліміздің солтүстік аймағында астық өсіру үрдісі жоғарылап, базарда ұн көбейген тұста Ербосын енді өнімді өңдеп саудалаудың кезеңі туындағанын түсінген. Көкталдағы диірменнің жанынан алдымен шағын наубайхана салып, алғашқыда жергілікті халық күнделікті тұтынатын кәдімгі бөлке, тоқаш нан пісіріп сатуды қолға алған. Жанына інісі Қазыбек пен қарындасы Әселді, жоғары білімді технолог мамандығын меңгерген қызы Мәдинаны алып, наубайхана өнімдерінің түрлерін көбейткен. Қазір «Жолтықов» наубайханасында пісірілетін әртүрлі нанмен қатар мерекелік дастарқанға арналған тәтті тоқаштар, диеталық нан түрлері өте көп. Түймедақ, ширатылған батондар, қалыптық бидай наны, сайка, қарабидай, кебек нандарына сұраныс жоғары.
Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша 40 млн теңге несие алып, төрт түрік пеші мен қамыр илейтін, дайын өнімді целлофан пакетпен орап тігетін қондырғылар сатып алған. Жан-жаққа дайын нан өнімдерін тасымалдап, дүкендерге тарататын арнайы автокөліктердің санын көбейткен. Кәсіпорын жұмысы екі ауысыммен тәулік бойы нан өнімдерін дайындайды.
«Түрлі дәмдеуіш қосылып, иі қанып, дайын күлшеленген қамырды арнайы қондырғыда белгілі уақытта тындырып, содан кейін ғана пешке пісіруге қоямыз. Пештен пісіп шыққан нанды арнаулы орында суытып, кептіргеннен кейін ғана автокөліктерге тиеп, дүкен сөрелеріне жөнелтеміз. Өз ісін жетік меңгерген мамандардың жауапкершілігі мен шеберліктерінде мін жоқ. Олардың арасында кәсіпорында ұзақ жыл еңбек еткен білікті мамандар Мөлдір Болатбекова, Нұргүл Қалиева, дайын нанды сауда орындарына тарататын жүргізушілер Нұрболат Бердібаев, Қуандық Орманбеков, Тайыр Исламов сынды еңбеккерлердің есімін аса құрметпен атағым келеді. Біздің мақсат – халыққа сапалы ұн өнімдерін ұсынып, ел алғысын арқалау», дейді кәсіпкер.
Кәсіпорын жетекшісі Ербосын Жолтықов кәсіпорын жанынан кондитерлік цех жасақтап, сапалы өнімдерін көршілес Құлжа, Үрімжі қалаларына дейін таратуды жоспарлап отыр. Болашақта жеміс-жидегі мол аймақта табиғи сусын шығару ісін қолға алмақ. Отандық өндірісті өрістетуге атсалысып жүрген Ербосын Жолтықовтың да ісіне береке тілейміз.
Жетісу облысы