Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Аграрлы өңірде халықтың басым бөлігі ауылдық жерде тұратыны айтпаса да түсінікті. Облыста мал өсіріп, егін егіп жан баққан тұрғынның қарасы көп. Сондықтан олар кішігірім кәсібіне мемлекеттен барынша көмек болуын қалайды. Бәрінің бірдей техникасы түгел емес, егін басына су уақтылы келіп жатқан жоқ. Тіпті алған өнімін өткізе алмай жүргендер қаншама? Мұның шешу жолын облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған сала мамандары қарастырып жатқаны анық. Дегенмен Жетісу өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласын дамыту – кезек күттірмейтін маңызды іс.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев қысқаша баяндама жасап, облыстағы АӨК-тің даму барысымен таныстырды. Мәселен, өткен жылдың 11 айының қорытындысында өңірде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,8 пайыз ұлғайған. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 120 кәсіпорын жұмыс істесе, олар 78 млн теңгенің азық-түлік өнімін шығарған.
Мұнан кейін кездесуге қатысқан бірқатар шаруа қожалығының басшылары министрге сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, талдықорғандық «Самай» ШҚ төрағасы Еркінбек Сіләмов ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ауыл шаруашылығы субъектілеріне салынатын салықты өтеудің кейбір әкімшілік процедураларын жеңілдету, ауылдық жерлерде, атап айтқанда, шаруа қожалықтарына қажетті бухгалтер мамандардың жетіспеушілігі сияқты бірқатар мәселе көтерді. Сол сияқты Ескелді ауданынан «Санжар» ШҚ басшысы Жанатбек Сарғалдақов шаруа қожалықтарын жеңілдікпен несиелендіру, оларды сапалы техника алуға ынталандыру, жүгері өнімін өткізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар басқа да шаруалар жүгері егетін шаруашылықтарға субсидия өнімнің гектарына есептелінсе, тыңайтқышты субсидиялау талаптары қайта қарастырылса деген ұсыныстарын білдірді.
Осы орайда Айдарбек Сапаров сұрақтарға жауап бере отырып, аталған бағыттарда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, тыңайтқышты дақыл түріне деп емес, тек багара және суармалы жерге деген бөлініспен субсидиялау туралы өзгеріс әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар министр жүгері өсіруді субсидиялауды гектарына есептеу форматына қайта оралмайтынын жеткізді, өйткені бұрын мұндай есептеу өзінің тиімсіздігін көрсеткен еді.
«Жалпы, 2023 жыл ауа райының қолайсыздығынан ауыл шаруашылығы үшін ауыр жыл болды. Дегенмен мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығына 30 млрд теңге, мал шаруашылығына 30 млрд теңге, «Азық-түлік» корпорациясына шаруашылықтардан өнім сатып алуға 31 млрд теңге қаржы бөлінді. Жауын-шашын шамадан тыс көп түскендіктен, шаруалар өнімді кептіруге арзандатылған дизель отынын беруді сұраған еді. Оған 65 мың тонна дизель отыны берілді. Биылдан бастап жұмысты жаңаша қарастырамыз. Бұл ретте дәнді дақылдарды әртараптандыруға көшуіміз керек. Яғни бидайды, жүгеріні азайтып, әлдеқайда тиімді күнбағыс, мақсары, рапс сияқты майлы дақылдарға, сол сияқты қант қызылшасын өсіруге қарай бейімделуіміз керек. Бүгінгі жиында біраз мәселе көтерілді. Шынында да, жүгері өнімін өткізуде біршама күрделі мәселе бар. Жүгері Ресейден арзан бағада әкелініп жатыр, жалпы әлемдік нарықта баға түсіп кетті. Соған қарамастан, біз шаруашылықтарға көмектесу жағын қарастырамыз. Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен, оған қоса «Азия Агро Фут» зауытымен де келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл кәсіпорындарға шамамен кемінде 40 мың тоннадай жүгері өнімі өткізіледі. Зардап шеккен шағын шаруашылықтарға бірінші кезекте көмек көрсетіледі», деді министр.
Сол сияқты Парламент Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев депутаттар да жүгері өнімін өткізу мәселесіне белсене атсалысатындарын жеткізді. Шаруалар айтқан проблемалардың кейбірі жергілікті жерде қарастырылатын мәселелер болғандықтан, облыс әкімі ауыл шаруашылығы субъектілерінің салық төлеу үдерістеріне қатысты жергілікті мемлекеттік кіріс органдарымен бірге талқылайтынын айтты.
«Облыста 380 мың тонна дәндік жүгері алсақ, соның өткізілмей қалып отырғаны 100 мың тоннадай. Министрлік 40-50 мың тоннаны өткізуге ықпал етіп, көмек етсе, қалған 50 мыңдайын өткізуді біз облыс деңгейінде қарастырамыз. Қазір ол үшін «Іргетас Трейд», «Жетісу Мажико» сияқты бірқатар кәсіпорынмен сөйлесіп жатырмыз», деді Б.Исабаев.
Ал ауылдық жерлерге бухгалтер мамандарды даярлауды тиісті басқармалар бірлесіп қолға алса, маман тапшылығы мәселесін шешуге болады. Сол сияқты жүгері өсірушілерге берілетін субсидия қазір зауытқа өткізілген әр тоннасына 6 мың теңге болса, биылдан бастап 10 мың теңгеге жергілікті бюджет есебінен көтеріледі.
Жетісу облысы