Пікір • 15 Қаңтар, 2024

Жұмыс жүйелі жүргізілуі керек

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық сарапшылар еліміздің экономикасына, макроэкономикалық көрсеткіштеріне байланысты түрлі болжам айтып жүр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ», деп нақты ұстанымын жеткізді.

Жұмыс жүйелі жүргізілуі керек

Экономикамыз қалыпты даму үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың нәтижелілігі мен тиімділігі маңызды. Сұхбатта Президент экономикамызды ілгерілету жолында бірнеше бағытты айқындады.

Біріншіден, ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді жобаларға талдау жасалып, олар инвесторлар, сарапшылар және бизнес өкілдерінің қатысумен пысықталады. Мемлекет қолдау көрсетеді.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету туралы заң нормасын жақында Пар­ла­мент Мәжілісі мақұлдады. Заңсыз шы­ға­рылған активтер елге қайтарылып жатыр. Бұл да әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды жақсартуға оң әсерін тигізіп келеді. Бұған қатысты Парламент тиісті заң қабылдады. Экономикамызда басты міндеттің бірі – инвестиция тарту. Осыған байланыс­ты Инвестициялық штаб құрылып, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін ауқымды өкілеттілік берілді.

Екіншіден, Президент инвесторларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне ерекше мән беріп отыр. Бұған Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан Бюджет кодексінің алатын орны ерекше. Бұл орайда, депутаттар бюджет қаражатының мақсатына сай жұмсалуын, тиімділігін қамтамасыз етуге, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тиімділігін арттыруға, дивиденттерді толық төлеуге бағытталған ұсыныстар енгізді.

Бұл тұрғыда, Парламент Мәжілі­сінде жан-жақты тақыланып жатқан Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы да үлкен рөл атқарады. Мемлекеттік сатып алуға қоғамдық бақылау орна­тудың да қажеттілігі зор.

Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік бермек. Кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, жекеменшікті қорғау өте маңыз­ды. Бұл бағытта Президент тапсыр­масына сәйкес нақты жұмыстар істе­ліп келеді. Атап айтатын болсақ, жақын­да Парламент Мәжілісі кәсіпкерлік қызметті жақсартуға, кедергілерді алып тастауға, мемлекеттік бақылау мен тексеру жүйесін реттеуге байланысты бизнесті жүргізу мәселелері туралы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Экономикамыз дамыса, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Бюджетке түсетін кіріс ұлғаяды. Бұл бағытта жұмыс жүйелі болуы қажет.

 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,

Мәжіліс депутаты