Аймақтар • 16 Қаңтар, 2024

Марқакөлге азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді

470 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күршім ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марқакөлге азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді

Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 7 қаңтарынан бастап Күршім ауданында қармен боран тоқтамай тұр. Кейбір жерлерде қардың қалыңдығы 1.8-2 метрге жетті. Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтерінің елді мекендеріне көліктің қатынасуы мүмкін емес.

Қардың түсу нормаларының асып кетуін және елді мекендерге көлік қатынасының болмауын ескере отырып, Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.

Ф

ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасы мамандарының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта арнайы техниканың 24 бірлігі жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу қиындық тудырып тұр.

Сондай-ақ, Күршім ауданына қажетті көмек көрсету үшін ШҚО бойынша ТЖ департаментінің Жоғары өтпелі техникасы келді.

Ф

Марқакөл және Төсқайың ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Қолайлы ауа райы жағдайлары белгіленгеннен кейін, 16 қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді.

Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.