Медицина • 16 Қаңтар, 2024

Жатыр мойны обырының алдын алудың кешенді тәсілдері талқыланды

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары ДДСҰ және ҚДСҰО сарапшыларымен бірге Қазақстандағы жатыр мойны обырын емдеу қағидатын, алдын алу мен анықтаудың кешенді тәсілдерін, HPV-на қарсы егудің келешегін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Жатыр мойны обырының алдын алудың кешенді тәсілдері талқыланды

Жатыр мойны обыры – жатыр мойны қабатында пайда болатын қатерлі ісік. Жатыр мойны обыры әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі болғанымен, ол адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакцинациялау арқылы алдын алуға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі. Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына адам папилломавирусы (HPV) себеп болады.

Қазақстанда онкопатология құрылымында әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын «жатыр мойны обыры» диагнозы елімізде 1800 әйелге қойылады, жыл сайын 600 науқас осы аурудан қайтыс болады. Жатыр мойны обырының ең жоғары деңгейі 40-44 жаста.

Жатыр мойны обырының алдын алуға болады, дегенмен бүкіл әлемде жатыр мойны обыры жыл сайын шамамен 600 000 әйелге диагноз қойылады және жыл сайын шамамен 340 000 әйел аурудан қайтыс болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жол картасын қамтиды, яғни қыздардың 90%-ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек, оған қоса ұлдарды да егу ұсынылады. Сол сияқты әйелдердің 70%-ы 35 және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі керек. Қатерлі ісікке дейінгі әйелдердің 90% және инвазивті қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің 90% емделуі керек.

ҚР ДСМ бас штаттан тыс бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология» ҒЗИ Басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова айтып өткендей, жатыр мойны обыры алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру екендігін дәйектей келе: «Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папилломавирусы. HPV вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция, Австралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. HPV-ге қарсы вакцинация көрші елдерде – Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», дейді.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Австралияда Ұлттық вакцинация бағдарламасы енгізілгеннен кейін 9 жыл өткен соң, 18-35 жас аралығындағы әйелдерде HPV-нің 4 түрінің таралуы 90%-дан астамға айтарлықтай төмендеген.

АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында әйелдер арасында HPV-ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы әйелдер арасында вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88%-ға төмен, ал 20-24 жас аралығындағы әйелдер арасында 81%-ға азайған.

HPV-қа қарсы вакцинация – папилломавирустық инфекцияның және HPV-мен байланысты аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының алдын алудың танылған әдісі. Жаппай вакцинацияны ДДСҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Бұл ДДСҰ-ның Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жатыр мойны обырын жоюды (элиминация) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі.