Денсаулық • 16 Қаңтар, 2024

Жұқпалы дерт күшейіп тұр

95 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыс­тық санитарлық-эпиде­мио­­логиялық бақылау депар­таменті өңірде қы­зылша ауруына шал­дыққандардың көбейгенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Жұқпалы дерт күшейіп тұр

Облыстық санитарлық-эпидемиоло­гия­лық бақылау департаменті басшысы­ның орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың ай­туынша, былтыр өңірде 477 адам қызылша диагнозымен тіркелген екен. Ал қаңтарда 48 жағдай анықталып отыр. Жаңа жылдың алғашқы он күнінде қауіпті дертпен тір­келген 48 адамның 35-і – кәмелет жасына толмағандар. «Облыста қызылша Бөкейор­да және Жәнібектен басқа барлық аудан­да тіркелді», дейді Нұрлыбек Ермекұлы.

Ұлттық профилактикалық екпе күнтіз­бесіне сәйкес Қазақстанда 6 жасқа дейін­гі балалар иммунитетті қамтамасыз ететін және мүгедектіктің алдын алатын жұқпалы ауруларға қарсы негізгі 10 екпе алуы керек. Алайда кейінгі бірнеше жыл бойы вакцинадан бас тартушылар саны көбейіп барады. Мамандар инфекцияның көбеюін осы мәселемен тікелей байланысты деп есептейді.

«Мысалы, қызылшаның арнайы емі жоқ. Бұдан тек екпе алу арқылы ғана қорғануға болады», дейді Н.Мұстаев.

Қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балалар­ға қызылшаға қарсы егу 1 жаста, ал ревакциналау 6 жаста жүргізіледі. Екпеден кейін баланың бойында инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады.

«Аурудың алғашқы белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Өз бетімен ем қабылдауға болмайды. Балаңыз қандай да бір себеппен екпе алмаған болса, жергілікті емханаға барып, екпе алуды сұраймыз», дейді мамандар.

Кейінгі күндері Батыс Қазақстан облысында жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар саны да көбейіп кеткен. Өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 50,3% жоғарылапты. Өңірде 1 қазаннан бері осындай диагнозбен 98 633 жағдай тіркелсе, солардың 64,1%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар екен.

Қазір оқушылар қысқы каникулын тәмамдап, үшінші тоқсанды бастап кетті. Санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандары оқушылар арасындағы инфекция күрт өсіп кетпеуі үшін білім беру ұйымдарында санитайзер, дезинфекция, жуу құралдары сынды жабдықтардың жеткілікті болуын, оқушылардың жеке гигиена ережелерін сақтауын талап етіп жатыр. Жөтеліп, мұрыннан су ағып, қызуы 37 градустан жоғары болып тұрған балаларды мектеп пен балабақшаға кіргізбеу жөнінде нұсқау берілген.

 

Батыс Қазақстан облысы