Алматыдағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандарылған мектебі мен №124 орта мектебінің, Семей қаласының Ш.Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары Индонезияның Депок қаласында өткен FIRST Tech Challenge роботтехника бойынша өткен ашық біріншілігінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Чемпионатқа 9-11 сынып оқушыларынан құрылған «Antares», «124», «Заман» және «Shanyraq» командалары қатысты.
Ал жалпы сайыста Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас роботтехник бақ сынасты. Олар бірнеше күн бойы жасаған жұмыстарын қорғап, нәтижесінде ең үздік жобалар анықталды. Соның ішінде еліміздің намысын қорғаған командалар жеті жүлдені қоржынға салды. Атап айтсақ, «124» командасы Control Award бойынша 1-орын, Think Award бойынша 3-орын, Connect Award бойынша 3-орын иеленді. «Antares» командасы Finalist award бойынша 2-орын, Think Award бойынша 1-орын, Control Award бойынша 1-орынды олжалады. «Shanyraq» командасы Robot game бойынша 3-орынды мәсе тұтты.
Алматы қаласының №124 орта мектебінен қатысқан «124» командасының жаттықтырушысы Бекзат Амановтың айтуынша, оқушылар лайықты нәтиже көрсете білді. «Біз чемпионатқа роботтехникаға жаңадан қосылған командаларымызды халықаралық командалармен тәжірибе алмассын деп алып келдік. Соның өзінде Индонезия чемпионатына әлемдік кезеңге іріктелген мықты командалар қатысатынын білгенімізде таң қалдық. Командалардың роботтехникада 4-5 жылдық тәжірибесі бар болса да, жарысқа бірінші рет қатысқан оқушыларымыз олармен тең дәрежеде бақ сынасты. Біздің оқушылар финалдық ойындарға дейін өтіп, төрешілерден жоғары баға алған кезде қатты қуандық», дейді бапкер.
Айта кетейік, Индонезияда өткен чемпионатқа жолдаманы оқушылар өткен жылдың желтоқсан айында Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде жеңіп алған болатын.