Пікір • 16 Қаңтар, 2024

Қоғам дамуына – нақты баға

201 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатының бас­ты ерекшелігі – саяси тақырыптарды қозғауы. Мемлекетке қауіп төндіретін саяси үрдісті алғаш рет жария сынға алады.

Қоғам дамуына – нақты баға

Мемлекет басшысы жастарға айрықша үміт артатындығын жет­кізеді. Алайда бұл тәжіри­бесі мол кадрларды елемеу де­генге ұрындырмауға тиіс дейді. Қалай болғанда да сал­қын­­қанды мемлекеттік басқару тұжы­рым­да­ры жасалуы керек. Бұл орайда «Президенттік кадрлық резерв» оң жұмыс істеп бастады. Мемлекеттік басқаруға талантты әрі моральдық тұрғысы таза жастар келіп жатыр. Елі­мізде айтарлықтай жедел әрі жүйелі жүріп жатқан саяси рефор­ма­лар­дың сандық көр­сет­кіші көз қуантады. Шетел­дік басылымдар да мұны атап көрсетіп жатыр. Саяси рефор­ма­лардың 5 түрлі пакеті аясында көп заң қабылданды. Конс­титуциялық реформа жа­салды. Бір ғана конс­ти­ту­ция­лық реформа аясында 27 конституциялық және жай заң қабылданды. Осының бәрі – аз уақыт ішінде қарқынды жүріп жатқан өзгеріс.

Әрине, өзгерістердің сапалық ерекшелігіне де назар аударуымыз қажет. Бұл жағы әлі де дамытуды, жетілдіре түсуді қажет ететіндігін Президент те жақсы түсінеді. Десе де Президент айтқандай, ендігі жерде ескі жүйеге кері қайту мүмкін емес. Өзгерістер жаңа кон­с­титуциялық реформалардың мәні мен талабына сай іске аса бе­реді. Бұл жұмысты қоғам мен билік бірлесе атқаруға тиіс.

Сұхбатта мемлекеттік орган­ның міндеті – қоғамның ұсынысы мен тілек-талабын тың­дау деп атап көрсетілген. Бұл – бюрократияны ауыздықтайтын бірінші және маңызды қадам. Бұл бағытта арыз-талаптармен айналысатын арнайы бөлімдер жұмыс істеп отыр. 250-ден астам Қоғамдық кеңес орталықта және өңірлерде жұмыс істейді. Жергілікті қоғам­дас­тықтың жиналыстары аталатын өзін-өзі басқару құры­лым­дары да жанданып келеді.

Қоғам тарапынан Қ.Тоқаев­тың саяси-құқықтық ойы мен көз­қарас­тарына да баға беруге тиіс­піз. Ашық объек­тивті талдау­лар жүруі қажет. Ел басқаруда ұс­танатын қағи­даттары мен мо­­ральдық ұстындарын дұрыс та­нып, ажырату өте маңызды. Өйткені бұл адамдардың тағды­ры­на да әсер етеді. Президент заңдылық пен құқықтық тәртіпке айрықша назар аударады. Арқа сүйейді. Жемқорлық пен олигополиядан мемлекеттіктің іргесі шат­қаяқтап тұрған қазіргі таңда бұл ұстаным өзінің оң нәтижесін бере­тіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан рефор­маларды жинақтап қарай­тын болсақ, олардың іргелі үш бағытта дамып отыр­ған­ды­­ғын көреміз. Бірінші – би­лік­ті орталық­сыз­дандыру үр­дісі. Екінші – адам құқығын дамыту мәселелері. Үшін­ші – жергілікті демократия мен өзін-өзі басқаруға көңіл бөлуі. Алдыңғы екеуі айтарлықтай жұмыс істей бастады.

Ауылдық және аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік сайланатын болды. Бұл – Орталық Азиядағы ең алғаш­қы саяси тәжірибе. Орталықсыздан­ды­ру үдерісі жалғасып келеді. 2 400-ден астам ауыл әкімдерінің корпусы келесі жылы толық сайланып бітеді. Биыл басталып кеткен аудан әкімдерінің сайлауы 2026 жылы аяқталуға тиіс.

Адам құқықтарын қорғау бағы­тында Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл инс­титуттары жүйелі жұмыс іс­теп келеді. Президент тұрмыс­тық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бастамалар көтерді. Жергілікті өзін-өзі бас­қа­руға қатысты да тапсырма бе­ріл­ді. Президент Жарлығымен құжаттың 2020-2030 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қоғамдық кеңестердің және мәслихаттың функциясын қай­та­лайтындықтан, Парламент Мәжілісі ағымдағы сессиядан «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын алып тас­тады. Алайда бұл – келесі сес­сияға дейін пысықталып, қайта көтеруді қажет ететін маңызды құқықтық құжат. Егер Президент осы аталған үш бағытты өзінің бір мерзімдік өкілеттік аясында толықтай енгізіп, мәніне сай іске асуын шешсе, бұл ел дамуындағы тарихи серпіліс болады.

 

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі