Мемлекет басшысы жастарға айрықша үміт артатындығын жеткізеді. Алайда бұл тәжірибесі мол кадрларды елемеу дегенге ұрындырмауға тиіс дейді. Қалай болғанда да салқынқанды мемлекеттік басқару тұжырымдары жасалуы керек. Бұл орайда «Президенттік кадрлық резерв» оң жұмыс істеп бастады. Мемлекеттік басқаруға талантты әрі моральдық тұрғысы таза жастар келіп жатыр. Елімізде айтарлықтай жедел әрі жүйелі жүріп жатқан саяси реформалардың сандық көрсеткіші көз қуантады. Шетелдік басылымдар да мұны атап көрсетіп жатыр. Саяси реформалардың 5 түрлі пакеті аясында көп заң қабылданды. Конституциялық реформа жасалды. Бір ғана конституциялық реформа аясында 27 конституциялық және жай заң қабылданды. Осының бәрі – аз уақыт ішінде қарқынды жүріп жатқан өзгеріс.
Әрине, өзгерістердің сапалық ерекшелігіне де назар аударуымыз қажет. Бұл жағы әлі де дамытуды, жетілдіре түсуді қажет ететіндігін Президент те жақсы түсінеді. Десе де Президент айтқандай, ендігі жерде ескі жүйеге кері қайту мүмкін емес. Өзгерістер жаңа конституциялық реформалардың мәні мен талабына сай іске аса береді. Бұл жұмысты қоғам мен билік бірлесе атқаруға тиіс.
Сұхбатта мемлекеттік органның міндеті – қоғамның ұсынысы мен тілек-талабын тыңдау деп атап көрсетілген. Бұл – бюрократияны ауыздықтайтын бірінші және маңызды қадам. Бұл бағытта арыз-талаптармен айналысатын арнайы бөлімдер жұмыс істеп отыр. 250-ден астам Қоғамдық кеңес орталықта және өңірлерде жұмыс істейді. Жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары аталатын өзін-өзі басқару құрылымдары да жанданып келеді.
Қоғам тарапынан Қ.Тоқаевтың саяси-құқықтық ойы мен көзқарастарына да баға беруге тиіспіз. Ашық объективті талдаулар жүруі қажет. Ел басқаруда ұстанатын қағидаттары мен моральдық ұстындарын дұрыс танып, ажырату өте маңызды. Өйткені бұл адамдардың тағдырына да әсер етеді. Президент заңдылық пен құқықтық тәртіпке айрықша назар аударады. Арқа сүйейді. Жемқорлық пен олигополиядан мемлекеттіктің іргесі шатқаяқтап тұрған қазіргі таңда бұл ұстаным өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан реформаларды жинақтап қарайтын болсақ, олардың іргелі үш бағытта дамып отырғандығын көреміз. Бірінші – билікті орталықсыздандыру үрдісі. Екінші – адам құқығын дамыту мәселелері. Үшінші – жергілікті демократия мен өзін-өзі басқаруға көңіл бөлуі. Алдыңғы екеуі айтарлықтай жұмыс істей бастады.
Ауылдық және аудандық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік сайланатын болды. Бұл – Орталық Азиядағы ең алғашқы саяси тәжірибе. Орталықсыздандыру үдерісі жалғасып келеді. 2 400-ден астам ауыл әкімдерінің корпусы келесі жылы толық сайланып бітеді. Биыл басталып кеткен аудан әкімдерінің сайлауы 2026 жылы аяқталуға тиіс.
Адам құқықтарын қорғау бағытында Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институттары жүйелі жұмыс істеп келеді. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бастамалар көтерді. Жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты да тапсырма берілді. Президент Жарлығымен құжаттың 2020-2030 жылдарға арналған дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Қоғамдық кеңестердің және мәслихаттың функциясын қайталайтындықтан, Парламент Мәжілісі ағымдағы сессиядан «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасын алып тастады. Алайда бұл – келесі сессияға дейін пысықталып, қайта көтеруді қажет ететін маңызды құқықтық құжат. Егер Президент осы аталған үш бағытты өзінің бір мерзімдік өкілеттік аясында толықтай енгізіп, мәніне сай іске асуын шешсе, бұл ел дамуындағы тарихи серпіліс болады.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі