Аймақтар • 17 Қаңтар, 2024

Кеніштегі апат: Автобус табылуға жақын

125 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екі құтқарушымен бірге жер астына түсіп кеткен автобус әне-міне табылып қалады дегелі екі аптадай уақыт өтті. Арнайы техникалар жол салып, құтқарушылар қолдарынан келгеннің бәрін істеп жатыр. Геологиялық сканер анықтап берген жерді қазып жатқан экскаватор әзірге құтқарушыларға тиесілі бірнеше затты ғана алып шықты.

Кеніштегі апат: Автобус табылуға жақын

Оқиға орнында құрылған жедел штабтың үйлестіруімен бұған дейін ойықтың түбіне дейін ауыр техникалардың күшімен жол салынған. Балқаш қаласынан жеткізілген геологиялық радар топырақ қабатын сканерлеп, автобустың жатқан жерін шамамен тапты. Бұрнағы күні ойық түбіне шағын экскаватор түсіріліп, әлгі жерді қаза бастады. Жедел штаб өкілдері хабарлағандай, тех­ника шұңқырдың бүйір қабыр­ғалары құлау қаупін ескере отырып, жер қазу жұмыстарын аса сақтықпен жүргізген.

«Жұмыстарды жүргізу кезінде ішінде жұмыс құжаттары мен жолсапар журналы бар құтқарушылар сөмкесі, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлігі табылды. Іздестіру әлі де жалғасуда. Автобустың болжамды орналасқан жеріне дейінгі топырақ қазып алынған соң, экскаватордың жұмысы аяқталады. Мамандар жер астында жатқан автобусты жоғары көтеру жұмыстарын бас­тайды. Біз бұл жұмыстарды бүгін-ертең аяқтаймыз деп үміттенеміз», делінген Павлодар облысы әкі­мінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Кеше Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыз­дықов автобусты шығару жұмыстары өте қиын жағдайда жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Жағдай өте күрделі. Маман­дар жердің скринін түсіріп, автобустың шамамен қай жерде орналасқанын анықтады, яғни құрылғылар ол жерде шынымен металл бар екенін көрсетіп тұр. Бірақ бұл металдың астында әлі де бос кеңістік бар. Сондықтан біздің құтқарушыларымыз, әкімдік пен басқа да мемлекеттік органдардан, арнаулы ұйымдардан тартылған мамандар қазір өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, ол жердегі температура нөлден төмен деңгейде. Екіншіден, құтқарушылар мен жұмысшылардың өмірі мен ден­саулығына қауіп төнуі мүмкін. Топырақ сусыса, онда қазып жатқан техника төмен қарай құ­лауы мүмкін. Автобустың ас­тын­дағы бос кеңістіктің аумағы қаншалықты үлкен екенін нақты білмейміз», деді Б.Сыздықов.

«Майқайыңалтын» АҚ бас директоры Қуаныш Ботин ха­барлағандай, оқиға күні шақыртуға бара жатқан құтқарушылар авто­бусының соңынан кеніш директоры Андрей Шувалов жеке көлігімен ілесіп отырған. Ол авто­бустың ойыққа түсіп кеткенін көріп, кілт тоқтаған. Оқиғаны тиісті органдарға хабарлаған да сол көрінеді. Алайда опырылған жерді күзетшілер қалай көрмей қалғаны түсініксіз.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті