Өнер • 17 Қаңтар, 2024

Ғабдылғалымның өнербаяны

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көзі тірісінде Ертіс-Баян өңіріне ғана емес, тұтас елімізге танымал болған қылқалам шебері Ғабдылғалым Қаржасовтың есімі облыстың мәдениет саласында көмескіленіп барады. Облыс орталығындағы көркемсурет мектебі мен бір көшеге есімін беру туралы ұсыныстар да тоқтап қалғандай. Ел есінде қалған суретшінің айшықты туындыларын ұрпақ ұмытпаса дейміз.

Ғабдылғалымның өнербаяны

Тірісінде танымал болған суретші жа­йында бірер сөз. Көпшілік арасында Ға­лым аталып кеткен Ғабдылғалым Қаржа­сов 1954 жылы Павлодар облысының ­Ертіс ауданында дүниеге келген. Гоголь атын­дағы Алматы көркемсурет училище­сін тәмамдаған. КСРО суретшілер одағы­ның, кейін Қазақстан суретшілер одағы­ның мүшесі болды. Президент сыйлығы­ның, Құрмет орденінің иегері, Көркем­сурет академиясының акаде­мигі. Жеке көрмелері еліміздің бірнеше қаласында, Ресейде өтсе, жұмыстары ТМД мемлекеттерінде, АҚШ пен Еуропа елдеріндегі көрмелерге қойылған.

Өнертанушы Елена Дубоваяның айтуынша, Қабдылғалым Насырұлы – сурет өнерінде жоғары интеллектімен танымал болған адам. Үнемі ізденісте жүріп салған суреттері көрген жанды тамсантып қана қоймай, өзгеше әлемге жетелейтін сиқырға ие.

вап

«Оның тау пейзаждарынан құрал­ған «Қойшының қосы», «Биіктегі үй», «Тау» циклді картиналары шынайы әлем­ді танып, түстерді керемет бере біл­гендігімен таңғалдыратын. «Роза», «Қоңыр», «Айнұр», «Қазақтың келіндері-ай», «Даламның гүлдері» суреттерінде сюжет пен пластикалық көріністі симво­ликалық жинақтап, халықтық ою-өрнек сарынын аша түсті. Кез келген түсті ашық әрі жарқын түрде ұсынып, мақамы шеберлігімен ұштасып жататын. Әлгі сурет­терге қарап тұрып, оның ішкі әле­міне енесің, өзіңді соның бір бөлшегі ретінде сезінесін. Ол бала шағынан халық өнерімен шұғылданған адамдардың арасында жиі болған. Ұлттық өнердің бар колоритін, стилистикасы мен поэтикасын бойына жинап, соны қылқаламының өрнегіне айналдырды. Түптеп келгенде бұл шеберлігі оны өнер шыңына шығарды. 1999 жылы халықаралық симпозиумге қатысып, нәтижесінде «Тасжарған», «Аршалы аймақ», «Аян» сияқты әйгілі картиналары дүниеге келді. Алматыдағы Қастеев атындағы мемлекеттік музейдің қорында, Павлодар мен Семей, Қарағанды көркемсурет музейлерінде оның еңбектері сақталып тұр. Бұдан басқа Еуропаның бірнеше елінде шығарылған жинақтарға суреттері енген», дейді өнертанушы.

пол

Суретшінің өзі 2016 жылы 62 жасында дүниеден өтсе де, туындылары мен кескіндемелері облыстағы мәдени орындарды айшықтап, елді мекендердің көркін кіргізіп тұр. «Павлодар облыс­тық суретшілер одағы» ҚБ төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көркемсурет академиясының академигі Өсербай Шұранов танымал суретшінің есімін өңірде ұлықтау мәселелері кемшін болып тұрғанын қынжыла жеткізді.

«Ғалым дүниеден өткен соң арада бес жыл өткенде облыс орталығындағы №1 көркемсурет мектебіне есімін беру туралы ұсыныс жасалған. Алайда мектеп ұжымының келісімі болмады ма, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Торайғыров көшесіндегі суретшілер шеберханасының іргесіне мемориалдық тақта орнатылды. Мектепке есімін ұсынып отырғанымыз, суретші көзі тірісінде білім ұясымен үнемі байланыста болды. Өзге қылқалам шеберлерімен бірге өнер байқауларына қазылық етіп, жас таланттардың ашылуына ықпал етті. Іс-шараларға қолдау жасап тұрды. Ол мектепте жұмыстары да сақталып тұрған болуы керек», дейді ол.

сми

Қазақстан Суретшілер одағының мү­шесі, Мәдениет саласының үздігі Рыспек Стыбаев Ғалым ағамен бір ауыл­да туған. Ол бала шағынан көпшіл, шығармашыл азамат болды деп еске алады. Қылқалам шеберлерінің көбі игере бермейтін колорист өнерін мықтап меңгерген, түс қанықтылығы әр суретінде сайрап тұратын дейді. Қазақтың ұлттық тарихи тұлғаларын картинаға бейнелеген. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың, өзге де танымал қаламгерлердің кітаптарына кескіндер салған. Соның бірі парасы – Абай Құнанбаев жайында жазылған кітап­тар шоғыры. Елге танымал талай шәкірт­ті баулыған. Қазіргі күні Алматыдағы Қастеев атындағы музейде еңбек ететін Нәдия Баженова да Ғалым ағаны ұстазы ретінде құрмет тұтады. Рыспек Стыбаев аталған мектепке жерлесіміздің есімін беру туралы ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен сұрап білге­німіздей, бұған дейін Ғ.Қаржасовтың атына көше беру туралы ұсыныс жергілік­ті мәслихат тарапынан қолдау тауып, бүгін­де республикалық ономастика комис­сия­сына жол тартыпты. Әйтсе де небәрі 4-5 үйден тұратын шағын көшені әйгілі жерлесімізге беру ойға сыйыңқырамай­ды. Орталық көшелер құпталмаса, бүгін­де Екінші Павлодар аумағында қаншама көне ­атаулар сыңсып тұр. Осыны назарға алатын адам табылмағаны өкінішті.

Н.Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақ­ер­тіс Солтанбаев жалпы қазіргі күні белгілі тұлғалардың есімін ғимараттар мен көшелерге берудің қиындықтары мол екенін айтады. Мәселен, Нағымбек Нұр­мұхамедовтің есімін облыстық музейге беру үшін 8 жыл уақыт жұмсал­ған. Облыс басшылары ауысқан сайын мәсе­ле шегеріліп қала береді. Оның үстіне ұсынылған азаматтың есімі өмірден өткен соң республикадағы тарихи тұлғалар тізіміне енгізілуі керек. Сондықтан ең әуелі облыс орталығында көше аталса, сосын барып мектепке есімін беру туралы облыс әкіміне хат жазылып, кейін жауапты министрлікке ұсыныс жолданады.

 

Павлодар облысы