Қоғам • 17 Қаңтар, 2024

Табанды офицер

152 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Андрей Волков үшін осыдан бірнеше жыл бұрынғы бір кезекшілігі өміріндегі ең ауыр күндердің бірі болды. Ол аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ауыр жарақат алып, салдарынан дәрігерлер жас офицердің табанын алып тастайды. Адамның бар салмағы түсетін табан сүйектерін алып тастаудың зардабы оңай болған жоқ. Алайда тағдырдың бұл сынағы арнайы бөлім офицерінің рухын түсірген жоқ. Арада бірнеше ай өткен соң Андрей қайтадан сапқа қосылды. 16 жылдан астам өмірін полицияға арнаған ол қазір ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясында сабақ береді.

Табанды офицер

Ажалдың аузынан аман қалған Андрей Сергеевичтің өмірін ерлік пен патриотизм­нің үлгісі десе де болады. Қауіпті қылмыскер­лер­ді ұстау кезінде ауыр жараланған, сол кезден бері он жылдан аса уақыт өтіпті. Сын сағат­та өмір мен өлім арасында қалған Андрей Волков пен оның екі әріптесі ауруханаға жеткізілген болатын. Азапты күндерді бірге бастан кешірген әріптесінің біреуі жарақат салдарынан бірнеше жылдан соң қайтыс болды. Иә, қылмыстық топ мүшелерін ұстау кезінде алған жарақат із-түзсіз жазылып кеткен жоқ. Талай тағдырға ауыр сынақ берді, жазықсыз жандардың өмірін үзді.

Сәуірдегі сол оқыс оқиғаны полиция подполковнигі Андрей Волков пен оның әріптестерінің денесіндегі отадан кейінгі тыртықтар әр уақыт еске салып тұрады. Әрине, арнайы бөлім жігіттерінің қылмыскерлерді ұстауға аттанған әрбір сапары қауіп пен қа­терге толы. Алайда Андрей сол күнгі шабуылдау операциясын есіне түсіргісі де келмейді.

«Адам өмірінің әр сәті қауіпті. Жолды кесіп өтіп бара жатқан адамның өмірі де қыл үстінде тұрмай ма? Ал қанқұйлы қылмыскерлерден келетін қауіпті айтпаса да түсінікті», дей­ді ол. Сол күні көпқабатты үйдегі бір пәтер­ге жасырынған қылмыскерлердің үйдің кіре­бері­сінде атысып жатқаны туралы хабар тү­седі. Уақыт кешкі 8-дер шамасы болатын. Поли­цейлер оқиға орнына бірнеше минутта же­тіп үлгерді. Үй ауласында қылмыскерлерді қару­сыздандыру және қолға түсіру жұмыстары басталып та кетіпті. Полицейлер өткізген ар­найы операция барысында қылмыскерлер құрыққа түсті. Бұл қылмыстық топ мүшелері адам өлтіру және басқа да аса ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен ұсталды.

Арнайы операцияны қиындатқан жағдай – атыс-шабыстың бейбіт тұрғындар тұра­тын үйде болғаны еді. Андрей Волков шабуылдау тобының құрамында қылмыс­тық топтың мүшелері бекінген пәтерге басып кіреді. Қарулы қылмыскерлердің тәртіп сақ­шыларына оңайлықпен берілмейтіні белгі­лі. Екі жақтың қайсысына оқ тиіп, тағдыр талқаны таусылатыны да белгісіз. Қылмыстық топтың жетекшісін ұстау кезінде граната жарылып, қылмыскерлердің біреуі қаза тапты, ал полиция қызметкерлері аман қалғанмен, біразы ауыр жарақат алды.

Олар тиісті ем қабылдап, сауықтыру шараларынан кейін арада алты ай өткенде қайтадан сапқа тұрды. Андрей де әріптестерімен бірге қызметке оралғанмен, протез табан оның қалыпты өміріне қиындық тудырмай қойған жоқ. Арнайы бөлімде қызмет өткеру сау адамның өзіне оңай емес, ал жасанды табанмен сақшылық қызметтегі сынға төтеп беру, нормативтер тапсыру қанша қиын болғанмен, ол сау адамдардан қалысқан жоқ. Тұла бойындағы бүкіл жігерін жұмсады. Жарақаттанған қызметкерлерге қойылатын талап та өзгерген жоқ. Өйткені арнайы бөлімнің ең ерекшелігі де осында еді.

А.Волков зейнеткерлікке шыққаннан кейін ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы акаде­миясына жұмысқа шақырылды. Бүгінде ол арнайы жедел әрекет ету жасағының болашақ қызметкерлеріне атыс дайындығынан дәріс береді. Офицер-ұстаздың басты міндеттерінің бірі – болашақ полиция қызметкерлеріне қару қолдануды үйрету, қажет болған жағдайда қару атуға психологиялық тұрғыдан дайын болу. «Қаруға құрметпен қарау керек. Оның адам өмірін сақтап қалатын да кездері көп. Мен үшін болашақ офицерлермен қоян-қолтық араласу өте қызық. Сабақтар тирде және оқу полигонында өтеді. Полицияда жұмыс істеу өте жауапты шешім, сондықтан да үнемі оларға «Полицияға келмес бұрын жақсылап ойланыңыз. Ең алдымен, «Сіз по­лицияға жүктелген жауапкершілікті көтере аласыз ба?» деген сұрақты жиі қоямын. Ең бастысы, қиын сәтте бірін-бірі сатпау керек», дейді Андрей Сергеевич.

«Біз тыңдаушыларды батылдық пен пат­риотизмге тәрбиелегенде оларға өзі­міз үлгі болуымыз керек. Маңызды міндет­тер­дің бірі – полиция қызметкерлерін тәрбие­леу және кәсіби біліктілігін арттыру жұмыс­та­ры­на ардагерлерді кеңінен тарту. Біз арда­гер­лердің әлеуетін пайдалана отырып, тә­лім­герлік институтын дамытумен қатар олар­ды ұстаздық қызметке де шақырамыз. Құ­қық­тық тәртіп мәселесіне келгенде өз ісіне бе­рілген азаматтардың бейжай қалмай, бай тәжірибелерімен бөлісетіні қуантады. Солардың бірі – полиция подполковнигі А.Вол­ков», дейді Алматы академиясының бұ­рынғы басшысы, таяуда ғана Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына таға­йындалған полиция генерал-майоры Айдар Сайтбеков.

А.Волков ішкі істер органдарына 2005 жылы келді. Оны тәртіп сақтау саласына жетелеген бала кезіндегі арманы еді. Ол арманы тосыннан пайда болған жоқ. Андрей бала кезінен арнайы жедел әрекет ету жасағында істейтін әкесі Сергей Архиповтың сымдай тар­тылған жүрісіне, қылау жұқтырмай құр­меттейтін погонды киіміне қызығып өсті. Сол қызығушылық кейін арманына айналып, форма киген адамдарға деген құрметке ауысты.

Сергей Иванович Андрейдің бойына бала кезінен-ақ жауапкершілік, батылдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірді. Сондықтан болар Андрей әскерден кейін мамандық таңдау туралы мәселе туындаған кезде ойланбастан полицияны таңдады. Ішкі істер органдарында ұзақ жыл қызмет еткен офицер көп қиындық көргенімен, осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес. Әрине, А.Волковтың полициядағы өмірі оңай болған жоқ. Сонда да ол өзінің жасөспірім ұлына адам өмірдегі өз жолын жүрегінің қалауымен таңдауы керек екенін жиі айтады. «Ештеңеге өкінбеймін. Иә, бір күнің сәтсіз болса да, бүкіл өмір сәтсіздіктен тұрмайды. Адамның өз өмірі өз қолында, әркім өз тағдырының сәулетшісі». Оның өмірлік философиясы осындай.