Қоғам • 18 Қаңтар, 2024

Жаяу жүргінші көліктерді өткізуге міндеттеле ме?

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұған дейін Ашық ХҚА порталында еліміздің Жол қозғалысы ережелерінің 16-тармақшасына өзгеріс енгізуді көздеген жоба жарияланған еді. Алайда аталған өзгеріс қоғам тарапынан қолдау таппады. Ол қандай өзгеріс және енгізілмеуінің себебі неде?

Жаяу жүргінші көліктерді өткізуге міндеттеле ме?

ФОТО: gov.kz

Бұл сұраққа ІІМ М.Есбо­ла­тов атындағы Алматы ака­демиясы Әкімшілік-құқық­тық пәндер кафедрасы басшы­сы­ның орынбасары, поли­ция под­полковнигі Әсем Қырғыз­бекқызы жауап береді.

– Бұған дейін ІІМ қоғам­дық талқылауға Жол қозғалысы ере­желеріне, Көлік құралда­рын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге өзгерістер енгізу жобасын ұсын­ған болатын. Құжатта «Бағ­даршамның жасыл түсі жан­ған кезде жаяу жүргінші­лер жол қиылысында қозғалы­сын бастап қойған көліктерге манев­рін аяқтау мақсатында жол беруге тиіс» деген тармақ қарастырылған.

Қазіргі ереже бойынша жаяу жүргінші бағдаршамның жа­сыл түсіне өту кезінде қиылыс­та­ғы бұрылып жатқан көліктерге қарамайды, көліктер адамдарды өткізуге міндетті. Жаяу жүр­­гіншілер айналасындағы кө­­ліктердің бар-жоғына қара­ма­ғандықтан, салдарынан көше қиылыстарында жол-көлік оқи­ғалары жиі болып жатады. Полиция осыны ескеріп, жаяу жүргіншілер өздеріне жасыл түс жанып тұрғанына қарамастан, қиылыстағы маневрін бастап қойған көліктерді алдымен өткізіп барып, жолдан өтсе, апаттар орын алмайды деп па­йымдаған болатын.

Алайда аталған өзгеріс­тер­ді енгізу қоғам мен сарапшылар тарапынан қолдау таппады, сондықтан жобадан алынды. Елімізде сервистік полиция моделіне сәйкес полиция қызметкерлері қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қоғаммен бір­лесе отырып шешеді және қо­ғам пікіріне әрдайым құлақ асады.