Қоғам • 18 Қаңтар, 2024

«Шанхай» мәселесі Мәжілісте көтерілді

138 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Майқайың елді мекеніндегі «Шанхай» жұртының мәселесі Мәжіліске жетті. Кеше палатадағы «Amanat» фракциясының бір топ депутаты атынан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолданды. Халық қалаулылары шахта маңында орналасқан, апаттық жағдайда тұрған үйлердің жағдайын Үкімет органдары назарға алуды сұрап отыр.

«Шанхай» мәселесі Мәжілісте көтерілді

«Egemen Qazaqstan» газетінде бұған дейін жазылғандай, Павлодар облы­сы­ның Майқайың кентіндегі «Шанхай» шағын ауданының тұрғын­да­ры әр күнін үреймен өткізіп келеді. Алтын кеніші халық тұрып жатқан баспаналардан 300-400 метрдей жерде орналасқан. Жұрттың «кеніште жер жару жұмыстары жүргізілгенде, үйіміз жерастына опырылып түсіп кетіп, бала-шағамызбен опат боламыз ба» деген қорқынышын жеткізген едік.

Мәжілістің кешегі пленарлық отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы мәселені ашық жеткізіп: «Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайыңалтын» ак­цио­нерлік қоғамы аумағында болған апат қабырғамызды қайыстырды. Ең өкініштісі, құлаған жердің астында бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген», деп апатқа себеп болуы мүмкін негізгі проблемаларды атап өтті.

Кенттегі «Шанхай» атанып кеткен шағын аудан тұрғындарының алаң­дау­шылығы үдеп келеді деді депутат. «Шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап ке­те­тінін айтып отыр. 100-ге жуық ша­­ңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опы­рылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан. Бүгінде 10 мыңға жуық халық тұратын елді мекеннің негізгі тіршілік көзі де осы кен орындары. Тек «Майқайыңалтында» мыңнан астам жергілікті тұрғын еңбек етеді. Кәсіпорынның ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құ­рылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, акционерлік қоғам өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген. Ал енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан «Rence Enterprises LTD» компаниясына тиесілі. Ол компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. Еліміздің байлығына кенелген бұл бай-патшалардың ісін кім қадаға­лау­ға алады?» деп қынжыла сауал тастады Жарқынбек Амантайұлы.

Сөз соңында депутат Үкіметке бес тар­мақтан тұратын депутаттық са­уал жолдады. Біріншіден, арнайы құ­­рыл­ған комиссияның жұмысын ашық әрі жұртшылықпен, жергілікті тұр­ғын­дар­мен бірлесе отырып үйлестіру керек. Екіншіден, аталған жердегі барлық шахталық жұмыс жүргізілген аумақ­тарды анықтап, оларды қауіп­сіздік ережелеріне сай оқшаулау керек. Үшіншіден, шағын ауданның тұрғындарына барлық қауіпсіздік жағдайын қарастыру шарт. Қажет болса көшіруді қарастыру керек. Төртіншіден, еліміздің байлығын пайдаланып, бірақ әлеуметтік көмекті дер кезінде көр­сет­пей отырған барлық шетелдік ком­панияларға заң жүзінде қатаң шаралар қолданылуы қажет. Бесіншіден, орын алған апатқа және техникалық қа­уіп­­сіздіктің сақталмауына түрткі бол­ған жағдайға прокуратура әділетті баға­сын беруі қажет.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті